«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2016 жылғы 25 сәуірден бастап жолаушыларды тасымалдау тарифін 10%-ға өсіреді. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлайды.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің 2016 жылғы 14 сәуірдегі хабарламасының негізінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ залал мөлшерін азайту мақсатында және пайдалану шығындарына деген бағалардың өсуіне байланысты темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау тарифін 2016 жылғы 25 сәуірден бастап 10%-ға көтереді", - делінген хабарламада.
Баспасөз мәліметіне сәйкес, компания соңғы рет темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау тарифін 2014 жылдың қаңтарында 7%-ға көтерген.
Сондай-ақ, «Тұлпар-Тальго» пойыздарында икемді тариф жүйесі, яғни билетті сатып алу мерзіміне қарай жеңілдіктер сақталады. "Қазіргі уақытта аталған пойыздарға билетті сатып алу мерзіміне (пойыздың жүруіне қанша күн қалғанына) байланысты қосымша 40 пайызға дейін жеңілдіктер бар. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолау көрсету мақсатында жолаушылардың кейбір топтарына арнайы жеңілдіктер беретін дисконтты карталар шығарылды. Мәселен, «Ардақты ана», «Қамқор» немесе «Ардагер+» дисконтты картасына ие жолаушы күні бұрын билет алса 70 пайызға дейін жеңілдікке қол жеткізе алады", - делінген компания хабарламасында.