Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Қазақ журналистері білімін қайда жетілдіре алады?

Қазақ журналистері білімін қайда жетілдіре алады?

Соңғы кезде журналистика мамандығын оқытатын курстар көбейді. Олардан қысқа мерзімде тәжірибелік сабақтарды алуға болады. Мұндай курстар шетелдерде кең тараған. Басқа мамандықтарды оқып, журналист ретінде қалыптасқысы келсе аталған курстарды оқып, білім жетілдіруге болады. Соңғы кезде біздің елімізде де мұндай курстардың саны артып келеді.  Қазақстандағы курстар қандай білім береді, олардағы оқу құны қанша?

Курс оқу қаншалықты тиімді?

  • Бүгінде курстардың неше түрі бар. Қай салаға бет бұрғыңыз келсе де, сізге дейін "майын ішкен" бір адам өз алдына курс ашып, шәкірт тәрбиелеген болып шығады. Кәсіби шеберлігі басым адамдардан білім алған артық етпейді. Осы тұрғыдан алғанда сіз үшін тәжірибелі маманның илеуінен өту - болашаққа салынған жақсы инвестиция.
  • Курстар көбіне ақылы, сол себепті сіздің максимумды талап етуіңізге құқыңыз бар. Яғни, мазалаған сұрақтарыңызды да қойып, жауап ала аласыз. Маман өз көрген-түйгенін, білгенін ақтарып, бағыт береді. "Белгісіздік" атаулыдан құтыласыз. Беймәлімнің бәрін біліп, өзінше шешім де шығара алатын боласыз.
  • Жүйелік пайда болады. Бұл дегеніміз, сіздің күн тәртібіңіздің белгілі күні мен сағаты курсқа арналады. Бұны ертеңнен бастаймын деген әдетпен күнде ертең қылып кететін еріншектікпен салыстыруға болады. Өз бетінше, еш қаржы жұмсамай оқысаңыз, өзіңізге жақсы. Бірақ, мойындауымыз керек, ондай "беріктік" көп адамның бойынан табыла бермейді. Осы ретте курсқа жазылуыңыз, тәртіп пен жүйе қалыптастырады.
  • Курстарда оқып бітірген соң, сертификаттар беріледі (кейбірінде қарастырылмауы мүмкін). Бүгінгі қоғамда қағазбастылық басым. Сол себепті, тиісті құжаттардың берілгенін қадағалаңыз. Оның кейін пайдасы да тиеді. Мынадай курсты бітірді, мынадай тренерден тәлім алды деген қосымша ұпай.

Курсты қай жағдайда оқымай-ақ қойған дұрыс?

  • Біріншіден, көрпеңізге қарай көсіліңіз. Себебі, бар жиған-тергеніңізді курсқа салып жіберіп, отбасыңызды шығынға ұшыратудан аулақ болғайсыз. Оқуға деген құлшынысыңыз болса, өз еңбегіңізбен тапсаңыз, тіптен жақсы.
  • Дәріс берушілердің кәсібилігі төмен болса. Ақшасы аз болғанға қызығып, оқыдыңыз делік. Бірақ, есесіне ол жерде біліксіз мамандар болуы ғажап емес. Бұл жағдайда ақшаңыз желге ұшты деуге болады.
  • Бірнеше жерге мақалаңыз шыққан болса, мультимедияны асқан қызығушылықпен Google-тан тауып, оқып алатын болсаңыз. Бұл жағдайда да үлкен қажеттілік туындамайды.
  • Таныс-достарыңыз осы саланың мықтылары болса. Тегін-ақ білмегенді үйреніп ала алатын болсаңыз, курсқа бармай-ақ қойыңыз.
  • Сол курс туралы барынша ақпарат алыңыз. Бітіріп шыққандармен тілдесеңіз. Бәрі ақшаға келіп тірелетіндіктен бос уақыт өткізе отырып, ол үшін қалтаңыз қағылса, пайдасы тек келесі жаққа ғана тиеді. Бұдан алғаным аз болды, өзім білетін дүниелер екен деген пікір көп айтылса, ойланыңыз. Мүмкін, расымен де оқымай-ақ қойған дұрыс?

Бүгінде Қазақстанда журналистика саласы бойынша білім беретін курстардың саны оннан асады. Көпшілігі Алматы, Астана қалаларында орналасқан. Шамамен барлығын тәжірибелі журналистер ұйымдастырған, әрі сабақ беретін мамандар да өз саласында мойындалған кәсібилер. Бұл курстар туралы ақпаратты интернеттен еркін тауып алуға болады. Алайда өз жұмыстары туралы айтуды қаламайтындары  бар.  Мысалы: "5 студия" мектебі 2014 жылдың наурыз айында құрылған. Білуімізше, ТВ мамандарын дайындайды. Қосымша деректерді білмек болып хабарласқан едік, алайда студия басшылығы ақпарат беруден бас тартты. Ашық ақпарат беріп, ағынан жарылған курстар төмендегідей болды:

DILMAN MEDIA журналистика мектебі

DILMAN

Медетжан Ізғұтты, «DILMAN MEDIA» журналистика мектебінің директоры:

МедетжанЖурналистика курсы туралы ой ең алғаш 2003 жылы телеарнаға келген кезден бері көкейімде жүрген еді. Семейдегі Шәкәрім университетінің «Тарих» мамандығын бітіріп, магистратурада оқып жургенімде таныстарым қалалық телеарнаға жұмысқа шақырды. Басында ақшасы үшін барып, кейіннен қызығына батып кеткен соң «шіркін‑ай, неге осы мамандықты оқымадым» деп ойлайтынмын. Себебі мен сияқты журналистикаға «даладан» келген жастарға бағыт‑бағдар беретін, үйрететін ешкім болмады. Курс деген ол кезде атымен жоқ. Өз бетімізбен ізденіп, басқа телеарналарды қарап үйрендік. Бір жақсысы бізде еркіндік болды да бағдарлама жүргізгеннен басқа режиссерлық, операторлық, монтаждау өнерін де меңгеріп алдық. Сол қабілеттеріміздің кейіннен республикалық телеарналарға жұмысқа тұрғанда пайдасы тиді.

31 арнадағы «Информбюро» жаңалықтар қызметінде тілші, жүргізуші болып жүрген кезімде 2009 жылы Алматыдағы Халықаралық журналистика орталығының жанындағы Media мектепке тренер болуға шықарды. Бірқатар жастарға бағыт‑бағдар беріп, білген‑түйгенімізді үйретіп бақтық. Ол жерге әр түрлі мамандық иелері келетін. Болашағын журналистикамен байланыстырғысы келетін жастар 5 айлық курстан біраз дүние үйреніп шығатын.

IMG_4442

Кейіннен жұмыспен Астанаға ауысқан кезде MediaNet басшыларына елордадан бөлімше ашу туралы бірнеше рет ұсыныс жасадым. Алайда қаржы тапшылығына байланысты ол мүмкін болмады. Содан «нар тәуекел» деп бұл іске өзім кірістім. Себебі, Астанада журналистерге сұраныс жоғары болатын. Тәжірибесі жоқ адамды жұмысқа алғанның өзінде оны оқытып, үйретіп отыруға ешкімнің уақыты табыла бермейтін. Ақыры жалға алатын ғимарат тауып, жиған‑терген қаржыма қажетті оқу құралдары мен жабдықтарды сатып алдым. Оған шамамен 1 млн теңгедей кетті. (Дәл сол кезде екінші кәсібімді (бауырсақ өндірісі) бастап жатқандықтан, одан артық қаржы сала алмадым). Одан кейін сабақ беретін тренерлермен келісіп, оқу бағдарламасын бекіттік. Жұмыстарды үйлестіріп отыратын көмекші алдым. Сайт жасатып, жарнама бердім. Оған біраз қаржы жұмсалды.

Сөйтіп, 2014 жылдың наурыз айында «DILMAN MEDIA» журналистика мектебінің есігін айқара аштық («Dilman» атауын балаларымның есімдерімен (Диляра, Мансұр) байланыстырып қойдым).

Dilman_media

Сабақтар тренинг түрінде өткізілетіндіктен тәжірибеге көбірек көңіл бөлінеді. Ал, тренерлерге келсек журналистикадағы еңбек өтілі 10 жылдан асқан, яғни, өз саласының мамандарын шақыруға тырыстым. Иә, басында Мектебімді менсінбегендер де, мен төлейтін гонорарды азсынғандар да болды. Атағы дардай болғанымен айтары жоқ әріптестерімді де көрдім.

Бұл негізінен орыс тілді журналистерге қатысты айтылған сөз. Себебі Мектептегі сабақтар алғашқы кезде тек қазақ тілінде болғанымен, кейіннен орысша оқығысы келетіндерден сұраныс артқандықтан ресми тілде де топ ашуға тура келді. Осы уақытқа дейін 60-тан астам адамға сертификат бердік. Үздік оқыған шәкірттерімізді телеарналар мен радиоға іс‑тәжірибеден өтуге жіберіп тұрамыз. Сол жерлерде жұмысқа алып қалғандар, өз мекемесіндегі баспасөз қызметіне ауысқандар да бар.

IMG_0488

Енді жаңа тележобаларды қолға алып жатырмыз. Бұйыртса, өзіміз даярлаған мамандардың қатысуымен жаңа бағдарламалар эфирге шығып қалар.

Ашылған уақыты: 2014 жыл, наурыз

Бұл жерде мынадай курстар бар:

Курс атауы: "Журналистика негіздері"

Оқыту мерзімі: 2 ай

Бағасы: айына 40 мың теңге

Бағдарлама: теле‑радио журналистика, баспасөз, интернет журналистика және баспасөз қызметі мен PR саласы

Курс атауы: "Тележурналистика"

Оқыту мерзімі: 1 ай

Бағасы: айына 60 мың теңге

Бағдарлама: «stand up» жазу, репортаж жасау, жаңалық жүргізу, дикция қою

Курс атауы:  "Операторлық шеберлік"

Оқыту мерзімі: 1 ай

Бағасы: 80 мың теңге

Курс атауы: "Фото‑тілші"

Оқыту мерзімі: 1 ай

Бағасы: 80 мың теңге

Курс атауы: "Монтаждау өнері"

Оқыту мерзімі: 1 ай

Бағасы: 80 мың теңге

Мекен-жайы: 

Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 34

(«Astana Mall» СОО, 3 қабат, коворкинг)

Телефон: +7 702 257 81 07, +7 707 928 80 89

WhatsApp: +7 777 427 57 01

E-mail: medetjan@mail.ru

Web сайт: www.dilman.kz

"БОЛАШАҚ" өнер мектебі

логотип 1

Әсел Ергешқызы, «Болашақ» өнер мектебінің директоры:

903566_320130194776335_2134801569_oМен 8 жылдан аса Қазақтың қара шаңырағы  - Қазақ радиосында редактор-жүргізші болып қызмет атқардым.  Сол уақыттың аралығында менің жүргізген бағдарламаларым мен дайындаған хабарларымның  күтіп жүріп тыңдайтын тыңдаушылары қалыптасты, шүкір!

Жасаған еңбегіңнің тыңдармандар сұранысына ие болуы – одан сайын шабыттандырады екен. Кейін, әлеуметтік желілер дамыған тұста замандас іні-сіңлілерім өздерінің радиожурналист болғысы келетіндерін, өлең оқып, хабар жүргізгеннен ләззат алатындарын айтып, хат жаза бастады. Кеңестер сұрайды. Сабақ алғысы келетіндерін айтады. Осы хаттың бәрін оқып-біліп жүрген жолдасым әуелі жалғыз өзім сабақ беретін курс ашуыма кеңес берді.

Дұшпан көп заманда, осы қадамға жалғыз баруға аздап қорықтым, шынымды айтайын. «Жап-жас боп не үйретер екен? Не істеп қойыпты сабақ беретіндей?» деген пікірлер тудыратын адамдардың жанымда жүргенін білдім. Сонда да жолдасым: «Сұраныс соларға болса, олар да бала оқытсын. Сенің курсыңа жазылатын балалар өзі сұранып тұр, неден қорқасың?», - деп біраз ақылын айтып, өзі бастап, курс ашудың жұмыстарына кірісті.

dPG7HOKRLvg (1)

Маған сенсе, қорқақтап жүре беретінімді білді ғой деймін. Ойлап отырсам, оның айтқан ақыл-кеңестерінің бәрі рас, бәрі дұрыс. Сосын, тек радиожурналистика курсын емес, медиа-студия ашып, балаларға теле-радио хабарлар қалай жасалатынын, тікелей эфирді жүргізу, репортаж жасау, хабар дайындау, сценарий жазу, сауатты сөйлеу, дауыс қою, демді дұрыс алу, осының бәрін үйретейік деп шешіп, қасыма өзім сенім артатын мамандарды шақырдым.

Осылайша, 2015 жылдың қаңтар айының 12-ші жұлдызында «Медиа-студияның» алғашқы тобына сабақ бастадық.

esCscGJk8Yo

Бітіруші түлектердің барлығын жұмыспен қамтамасыз етеміз деп уәде бермейміз. Бірақ, олардың қарым-қабілеттеріне қарай, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Қазірдің өзінде бір шәкіртіміз Ұлттық арнаның қызметкері, бір шәкіртіміз жекелеген компаниялардың бірінде «Хабар» арнасына бағдарлама дайындайтын редактор. Аз уақыттың ішінде «Көркемсөз оқу» байқауында 4 қызымыз екі реттен республикалық байқаулардың бас жүлдесі мен 1, 2 – орындарын иеленіп қайтты. Алдағы уақытта да оларды үлкен додаларға дайындап отырамыз, бұйыртса.

 Курс атауы: "Медиа-студия"

Оқыту мерзімі: 6 ай (қыркүйектен бастап 4 ай)

Бағасы: айына 40 мың теңге

Бағдарламада мынадай сабақтар бар:

тележурналистика – 90 минут

радиожурналистика – 90 минут

сахна тілі  - 90 минут

Мекен-жайы:

Астана қаласы, Қонаев көшесі, 35 үй (Орынбор көшесінің қиылысындағы «Новый МИР» ТҮК), 113-пәтер.

Байланыс телефондары: 8705 555 44 17, 87172 228975

«Медиа-студия» курсын бүгінге дейін 14 бала бітіріп шығып, арнайы сертификатын қолдарына алды. Қаңтар, ақпан, наурыз айларында оқуға қабылданған балалар – ендігі бітіруші түлектер.

MEDIANET халықаралық журналистика орталығы

3592

Әділ Жалилов, MediaNet Халықаралық журналистика орталығының директоры:

unnamed (1)Ақпарат саласындағы кадрлық дағдарыс енді басталып келе жатқан кез еді. Нарық дами бастады, жаңадан редакциялар ашыла бастады. Жаңа форматқа көшкен редакциялар жедел, кәсіби, әмбебап, жаңа идеялы, тың көзқарасты мамандарды іздей бастады.

Осыған орай, он жыл бұрын, 2004 жылы Медиа-мектепте ашу туралы идея туды. Ал, бір жылдан кейін 2005 жылы журналистика саласында жаңа форматтағы медиа-мектептің іргетасы қаланды.

Журналистердің жаңа толқын дайындау үшін қысқа мерзімді курстар қажет екені, онда тек практик- мамандар сабақ беру керек екендігі сол кезде белгілі болды.

Осы уақытқа дейін медиа мектеп 1000-ға жуық түлегін журналистика әлеміне шығарып салды. Талай журналистерге өздерінің мектебін қалыптастыруға әсер етті. Себебі, шәкірт тәрбиелеу - кез келген азамат үшін үлкен мақсаттардың бірі.

photo_361_384_large

Медиа-мектепте сабақ өткізу үшін журналистер, редакторлер, заңгерлер, PR-мамандары дайындықтан өтті. 10 жыл өткен соң, жоба қоғамға қажет екенін, ары қарай жұмысын жалғастыруға құқылы екені, оған сапасы да, базасы да, кадрлері жететінін дәлелдеді деп ойлаймын.

11181175_1641263312776774_2753000750243382591_n

Қазір біздің түлектер PR-саласында, БАҚ-ң барлық түрлерінде жемісті қызмет атқарып жүр. Олардың біразы уақыт өте келе медиа-мектептің оқытушыларына айналды.

Курс атауы: "Жалпы журналистика"

Оқыту мерзімі: 3 ай оқу және 1 ай тәжірибе

Бағасы: айына 25 мың теңге (3 айды бірге төлеген жағдайда 15% жеңілдік)

Бағдарламада: мерзімді баспасөз, ТВ журналистика, онлайн және мультимедиалық журналистика, сараптамалық журналистика, іскери журналистика және дата журналистика

Тренерлер: 

  • Жұлдыз Әбділда
  • Асхат Еркімбай
  • Мұхтар Сеңгірбай
  • Есенгүл Кәпқызы
  • Нәзия Жоямергенқызы
  • Ғалия Әженова
  • Ербол Азанбек
  • Мақпал Мұқанқызы
  • Руслан Меделбек

Курс атауы: "Тележурналистика"

Оқыту мерзімі: 3 ай оқу және 1 ай тәжірибе

Бағасы: айына 25 мың теңге (3 айды бірге төлеген жағдайда 15% жеңілдік)

Бағдарламада: телевизиялық мәтін жазу, ТВ журналистика жанрлары, камерамен жұмыс жасау, сөйлеу техникасы

Тренерлер: 

  • Ұлдай Ибадуллаева
  • Серік Әбікенұлы
  • Тыныс Өтебаев
  • Есей Жеңісұлы

Өткізілетін күндері: Сейсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат 18.30-20.00

Мекен-жайы:

Алматы қаласы, БО «Южный», Тимирязев көшесі 15 Б (Байтұрсынов), 10-кеңсе

Телефон: +7 727 292 20 46

e-mail: inform@medianet.kz, medianet.smm@gmail.com

Қазіргі таңда медиа мектептің көптеген түлектері Қазақстандық БАҚ құралдарында жемісті еңбек етіп жүр.

Іскерлік журналистика мектебі

Безымянный123

Ербол Азанбек, "Іскерлік журналистика мектебінің" құрылтайшысы:

W4J270kbHNc2013 жылы банк саласына келген соң қаржы тақырыбында қазақша жазатын журналистердің аздығын, қоғамға қаржы өнімдері туралы ақпараттың аз жететінін байқадым. Газет, журналдарды қараймын шоу-бизнес, ұлт, тіл, дінге қатысты материалдар көп, қаржы саласына қатысты жоқ. Ал, қоғамда қаражатқа қатысты мәселе көп. Зерттеу жасай келе қоғамға қаржы саласы туралы ақпарат жетпейді екен-ау деген ой түйдім. Газет-журналдармен байланыс орнатуға талпынып көріп едік, байланысымыз коммерциялық мүддеге келіп тіреле берді.  Әрі сол кезде ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде сабақ бере бастадым. "Медианетте" біраз жыл сабақ берген тәжірибем бар. Сосын ойланып, журналистика факультетінде "Іскерлік журналистика клубын" ашуды жөн көрдім. Электронды БАҚ және мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаева бастаманы қолдап, "Жас қазақ" газетінің бөлім меңгерушісі Гүлзат Нұрмолда, "Түркістан" газетінің журналисті Нәзия Жоямергеннің қатысуымен клубтың тұсаукесерін жасап, студенттерге таныстырдық.Gr6AlMJ-2B4 (1)

Сосын 15 студентті таңдап алып,  1 жылға жуық, сенбі күні бар білгенімді үйрете бастадым. 2014 жылы клубымыз "Іскерлік журналистика мектебіне" айналды.

DSC_0199Бірақ, мектептің  журналистика саласында іскерлік салада жазатын журналистер тобын қалыптастырсақ деген басты мақсаты қалды. Жылына 40 студентті іріктеу негізінде таңдап, тегін оқытамыз. Олардың ең үздіктерін 7kun.kz  сайты жұмысқа алады. Айта кетейін, бұл сайтты  ҚазҰУ-да "Іскерлік журналистика клубында"  білім алған студенттер ашып, жүргізіп отыр. Бұдан бөлек бірнеше БАҚ-пен биылғы алғашқы топ бітірушілерінен бірнеше адамды жұмысқа алсақ деп сұраныс білдірді. Яғни, мектепте тек оқытып қоймай, бітірушілердің жұмысқа тұрып кетуіне мүмкіндік жасаймыз. Алдағы күзден бастап "Журналистика", "Іскерлік журналистика", "Қоғаммен байланыс" бойынша ақылы курстар іске қосылады.

Курс атауы: "Іскерлік журналистика"

Оқу мерізімі: 2 ай

Бағасы: іріктеу негізінде тегін

Мекен-жайы:

Алматы қаласы, Елебеков к, 16,  2-кеңсе

Телефон: +7 727 2255365, +7 727 2255366

Сайт: mediamektep.kz

e-mail: info@mediamektep.kz

Журналистерге арналған шеберлік сыныптар

Сонымен қатар, журналистерге арналған қасқа мерзімді семинар-тренингтер де жиі өткізіліп тұрады. Ондай шеберлік сыныптарын  "Интерньюс", "Мінбер", "Түркітілдес журналистер қоры" сынды қорлар ұйымдастырады. Сондай-ақ, Асхат Еркімбай, Назгүл Қожабекова, Ғалия Әженова, Есенгүл Кәпқызы сынды журналистер шеберлік сабақтарын  ұйымдастырып отырады.

Қысқа мерзімді семинарлардың қатарында  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева  ұйымдастыратын Қысқы, Жазғы мектептерді айтуға болады. 2-3 күнге созылатын бұл шара аясында Қысқы мектепті Тау-Тұран кешенінде, жазғы мектеп Ыстықкөлде өткізу дәстүрге айналған. Мектепте білім беретіндердің ішінде Аршат Ораз, Серікқазы Кәкібаланов, Жалғас Ертай, Руслан Меделбек т.б тренерлер бар.

Журналистика саласында қазақ тілінде білім берумен айналысатын сайттар әзірге біреу-ақ. newreporter.org сайтында журналистикаға қатысты құнды мәліметтерді жиі жариялап отырады. Сондай-ақ сайт қызметкерлері Қазақстанның түрлі қалаларында тренингт ер өткізеді. Журналистерге арналған байқаулар, гранттар мен өндірістік-тәжірибелер жөнінде де мәліметтерді сайтпен қатар, сайт редакторы Назгүл Қожабекованың әлеуметтік желідегі парақшалыранын таба аласыздар.

Сондай-ақ, журналистерге қатысты ақпараттарды Facebook әлеуметтік желісіндегі "Қазақ журналистері" тобынан да оқуға болады.

Дайындаған Аққайыр Жадыра "7"

Похожие материалы