Экономика
Жыл басынан бері елімізге 3 мың қандасымыз көшіп келді
Қазақстанға 2015 жылдың басынан бері 3 мыңнан астам қандасымыз көшіп келді. Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
1 қазандағы мәліметтер бойынша, биылғы жылдың басынан бастап 3012 қандасымыз көшіп келіп (1164 отбасы), оралман мәртебесін алды.
Оралмандардың басым көпшілігі Жамбыл облысында – 213 отбасы (529 адам), Оңтүстік Қазақстан облысы – 208 отбасы (527 адам), Қостанай облысы – 189 отбасы (452 адам), Маңғыстау облысы – 108 отбасы (487 адам), сондай-ақ, өзге де аймақтарға қоныстанған.
Олар Өзбекстаннан (78,6%), Түркіменстаннан (6,7%), Қытайдан (6%), Моңғолиядан (3,1%) және басқа аймақтардан (5,6%) келген.
Еңбекке жарамды жастағы тұлғалардың көрсеткіші - 61,1%, 18 жасқа дейінгі балалар - 32,5%, зейнеткерлер - 6,3%-ді құрап отыр.
Еңбекке жарамды жастағы оралмандардың 49,6%-ы жалпы орта білімді, 32,8%-орта арнаулы, 15,4% - жоғарғы білімді, 2,1%-нің білімі жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 1991 мен 2014 жылдар аралығында Қазақстанға 259 мың 159 отбасы болмаса 952 мың 882 этникалық қазақтар қайта келіп, оралман мәртебесін алған болатын. Бұл жалпы халық санының 5,5%-ын құрады.
Қазіргі таңда ҚР Парламенті Елбасының 2014 жылғы 4 мамырдағы тапсырмасы бойынша әзірленген «Кейбір заңнамалық актілерде халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын қарастырып жатыр.
Этникалық қазақтарды өз тарихи отанына оралуға ынталандыру мақсатында Заң жобасы келесі мәселелерді қарастырады:
- этникалық қазақтарға қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін беру. Оларға шетелдік азаматтарға қарағанда көші-қон полициясына хабарласу арқылы төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі беріледі;
- этникалық қазақтарға Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда әлеуметтік пакет беру. Сондай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен Үкімет айқындаған екінші өңірге қоныстанған оралманның әлеуметтік қолдауды алуға мүмкіндігі болады. Егер олар қоныстанған өңірден 5 жыл мерзімнен бұрын қоныс аударып кететін болса, алған көмектерін Үкіметке қайтару міндеттері қарастырылған.
- оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін уақытша тұру ықтиярхатын алғаннан кейін 1 жылға дейін қысқарту көзделеді.