Алматы. 24 маусым. 7kun.kz — 2019 жылдың соңына дейін Қазақстандағы көпбалалы отбасыларға 6 мың пәтер бөлінеді, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
"2019 жылға арналған.. көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салуға және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы іс-шараға жеті жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көп балалы отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жеті жыл ішінде бұл 40 мыңнан астам пәтер болады", – делінген хабарламада.
Бұдан басқа, 2019 жылы Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған кемінде 1 мың жалдамалы пәтер салуға 7,2 млрд теңге бөлу қарастырылған.
"Үш жыл ішінде жас мамандар үшін 3 мың пәтер салуға 21,6 млрд теңге қарастырылған", – деді министрлікте.
Ведомствоның хабарлауынша, елімізде жыл сайын 12-16 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр, бұл 650 мың отбасын немесе 2 млн-нан астам адамды жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.