Алматы. 5 сәуір. 7kun.kz - Қазақстандағы "Жылдам ақша" микрокредиттік компаниясы жабылып қалған болуы мүмкін. Мұндай пікірді "Касса24" компаниясының маркетологы Жеңіс Мухиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Мен 2-3 жылдан кейін "Жылдам ақша" секілді ұйымдардың жабылып қалатынын болжаған едім. Себебі аз көлемде қарыз беретін ұйым үшін ғимаратты жалға алып, өз бөлімшелерін ашу экономикалық тұрғыдан тиімсіз", - дейді ол.
Ол жақында аталмыш компанияның бөлімшелері жабық, zaksha.kz сайты мен байланыс нөмірлері де жұмыс істемей тұрғанын байқаған.
Бұл ақпаратты біз де тексеріп көрген едік. Жоғарыдағы ақпарат рас болып шықты. Компания туралы қандай да бір ресми ақпарат табу мүмкін болмады.
Жоғарыдағы жазба авторы компания ребрендинг жасап, атауларын өзгертіп жіберген болуы да мүмкін дейді.
Оның айтуынша, "Жылдам ақшаның" Қазақстанда 100-ден астам бөлімшелері болған. Компанияның қаржы айналымы ауқымды шығындарды өтей алмаған болуы мүмкін.