Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Жылдың соңғы аптасының қорытындысы

Жылдың соңғы аптасының қорытындысы

Алматы. 30 желтоқсан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады.  26-30 желтоқсан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 30 желтоқсанды америкалық валюта 332 теңге деген бағамнан бастады. Бұл өткен аптадағы курспен салыстырғанда 3 теңгеге арзан. Ал Алматының ақша айырбастау орындарында доллар 333-334 теңгеден сатылды. Қазақстан қор биржасындағы сауда көлемі - 36 млн 500 мың доллар болды.

Qazkom мен Ұлттық Банк арасындағы қарыз мәселесіне қатысты мәлімдемелер жасалды. Осыған дейін Bloomberg агенттігі "банкті тығырықтан шығару бойынша" мемлекеттің Qazkom-ға арнайы қарыз бергенін хабарлады. Бірақ Ұлттық банк түсіндіруінше, бұл стандартты процедура. Яғни "бүкіл әлем бойынша қолданылатын стандартты процедура шеңберінде банкке 400 млрд теңге көлемінде қарыз" берілген. "Қарыз банк клиенттерінің алдындағы міндеттемелерін орындауға қосымша запас болуы үшін берілген еді",- дейді реттеуіш. Белгілі болғандай қазіргі кезде бөлінген қаражаттың жартысын қайтарылған. Берешекті толық өтеу 2017 жылдың І тоқсанына жоспарланған.

Сейсенбі, 27 желтоқсанда «Қазинвестбанк» АҚ лицензиясынан айырылды. Ұлттық банк қаржы институтының банктік және өзге де операцияларды, бағалы қағаздар нарығында қызмет жүргізуге берілген құқықтарын тоқтатты. Бұған "банктің активтері мен міндеттемелер үлесінің төмен болуы" себеп болған.  Бұдан ары қарай Ұлттық Банк заңнамада белгіленген тәртіппен Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы сотқа өтініш жасайды.

Ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры банктегі жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік берілген өтемді төлейді. Бұл банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі шыққан жағдайда жүзеге асырылады деп хабарлайды банктің баспасөз қызметінен. Банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде ҚДКБҚ, жұмыс істеп тұрған қазақстандық банктер ішінен агент-банкті таңдап жариялайды және аталған агент-банк «Қазинвестбанк» АҚ салымшыларына өтемді төлеуді және есеп айырысу бастайды.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі келесі жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақының өсуіне қатысты түсіндірме берді. 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке сәйкес, ынтымақты зейнетақының мөлшері 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 9%-ға, ал 1 шілдесінен тағы да 11%-ға ұлғайтылады. Жәрдемақы өсуі де осындай кезеңмен жүзеге асады.  2,1 млн-ға жуық зейнеткердің зейнетақысын арттыру мақсатында республикалық бюджеттен қосымша 79,8 млрд теңге бөлінген. Толығырақ мына жерден оқуға болады.

Сәрсенбі, 28 желтоқсанда биліктегі тағы ауыс-түйістер болды. Ұлттық экономика министрі ауысып, Қуандық Бишімбаевтың орнына Тимур Сулейменов тағайындалды. Бишімбаев бұл қызметте жер дауынан кейін Ерболат Досаевты алмастырып, бар болғаны 8 ай жұмыс істеп үлгерді. 8 айдағы келеңсіздіктері мен келісті қызметі туралы арнайы сараптамадан оқи аласыздар.

Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовты Қайрат Әбдірахман алмастырды. Экс-министр бұл креслода 2012 жылдан бері отырған еді. Ал Қайрат Әбдірахман осыған дейін БҰҰ-дағы Қазақстанның тұрақты өкілі болған.

Қазақстандағы ең жемқор салалар аталды Ең жемқор органдардың бірі ішкі істер органдары, мемлекеттік сатып алу, денсаулық сақтау және жер қатынастары екен. Ал жиі таралған коррупциялық қылмыс түрі ретінде ол пара алу, лауазымын артығымен пайдалану, лауазымдық жалғандық, бюджет қаржысын иемденіп, жұмсау және пара беруді атауға болады. Соңғы 2 жылда жемқорлыққа қарсы күрес қызметі 1,8 мыңға жуық мемлекеттік қызметкерді жауапкершілікке тартқан. Олардың арасында республикалық (22), облыстық (109), қалалық және аудандық (286) деңгейдегі басшылар бар.

Бейсенбі, 29 желтоқсанда сарапшылар банк секторындағы ең сенімді банктерді атады. Алғашқы үштікке «Fortebank» АҚ, Қазақстанның Халық Банкі және Kaspi bank енді. Сарапшылардың айтуынша Қазақстанның банк секторына өз тұрақтылығын дәлелдейтін уақыт жақындап келеді. Сондықтан, екінші дәрежелі банктер бизнесін кеңейткенше, капиталын  өсірудің амалын жасауда. Олардың сөзіне сенсек, 2015 жылы банк активтерінің көлемі 25%-ға өссе, биыл небәрі 13% мөлшерінде.

Экономистер келесі жылдағы ұлттық валюта бағамына қатысты болжамдарымен бөлісті. Бірі келесі жылы үлкен қиындық болуы мүмкін десе, өзгелері экономикаға байланысты теңге де нығайып, доллар бағамы 280-ге дейін төмендеуі мүмкін деген пікірде. «Біздің және ресейлік экономика бір-бірімен тығыз байланыста. Біздің болжамымызша рубльдің долларға қатысты бағамы 55-ке дейін төмендеуі мүмкін. Егер мұнай бағасы 62-65 деңгейіне дейін көтерілсе, теңге де 280 деген көрсеткішке жақындайды», — дейді олар.

Енді АҚШ-қа іскерлік, туристік сапармен баратын қазақстандықтар америкалық визаны 10 жылға дейін ала алады. «Бұл өзгерістер арқылы АҚШ-қа жиі баратын қазақстандықтар енді визаны алу үшін жыл сайын америка консулдығына бара бермейді. Виза 10 жылға дейін берілетін болады. Алайда ішкі заңдарға сәйкес, азаматтардың екі ел территориясында қанша уақыт болатынын миграция қызметі анықтайды», — дейді сыртқы істер министрлігінен. 10 қаңтардан бастап Қазақстанға 30 күнге келетін америкалықтардан виза талап етілмейді.

Жұма, 30 желтоқсанда Алматыда тағы үш жерде McDonald’s ашылатын болды деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Жаңа орындар Мамыр-4 ықшам ауданында, Mega Alma-Ata және Mega Park ойын-сауық орталығында орналасқан. Үш бірдей мейрамхананы ашуға салынған инвестиция көлемі 1,6 млрд теңгені құрады. 350 жұмыс орны құрылды.

«Тобыл» футбол клубы 23,9 млн теңгеге сатылды. Жекешелендіру және жекешелендіруді бақылау бөлімінің басшысы Любовь Казоринаның айтуынша, клубтың бастапқы құны 95 миллион 915 мың теңге болған. Сатып алушы табылмағандықтан алғашқы саудалар сәтсіз аяқталды. Жаңа сатып алушының аты-жөні әзірге хабарланбады. Оның Қазақстан резиденті екені ғана белгілі.

Светлана Сагайдак «Сбербанк-Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Ол бұған дейін Ресей Сбербанкі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген еді. Сагайдак осы жылдың мамырында ғана  «Сбербанк-Қазақстан» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалған. Бірақ 1 шілдеден бастап, ол өз өтінішімен бұл қызметін тоқтатты.

Апта соңын америкалық валюта 333 теңге деген бағаммен аяқтады. Қазақстан қор биржасындағы ресми бағам бойынша, доллар курсы - 333,29 теңге болды. Алматыдағы айырбастау пункттерінде 335,8-336 теңгеден сатылып жатыр.

Похожие материалы