Жетісу облысы. 31 шілде. 7kun.kz – Панфилов ауданы Шолақсай ауылында кәмелетке толмаған қызды зорлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында, деп хабарлайды 7kun.kz.
Қайғылы оқиға 21 шілде күні Панфилов ауданында орын алған. 15 жастағы қыз кешке құрбысына кетіп, қайтып оралмаған. Полицейлер із-түссіз жоғалған қызды іздеу бойынша кешенді жұмыс жүргізіп, күдіктіні анықтады. Ол өз кінәсін мойындады. Күдікті жәбірленушіні зорлағанын, кейін қылмыстың ізін жасыру үшін бірнеше рет пышақ жарақатын салып, денесін өртеп жібергенін айтты. Ол қыздың денесін ауылдың шетіне апарып көмген.
Қыздың денесі шығарылып, сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
«1984 жылы туған күдікті бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған жергілікті тұрғын. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-баптың 2-бөлігі [дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды өлтіру], 10-бөлігі [басқа қылмысты жасыру үшін], 14 бөлігі [кәмелетке толмаған адамды зорлау], он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыру жазасы және120-бабының 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша [кәмелетке толмаған адамды зорлау] 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – деп хабарлады Жетісу облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеуді облыстық полиция департаментінің тергеушілері жүргізуде.
Қыздың денесі 30 шілде күні жер қойнына тапсырылды.
Қоғамдық наразылық тудырған жағдайды ескере отырып, Панфилов ауданында полиция жасақтары күшейтілді. Елді мекендердегі тәртіп бақылауда.