Руслан Әбдіразақов: «2016 жылы «Қазақстан барысы» атануға тырысамын!»

1227

Биылғы жыл қазақ күресінің абыройын арттырып жүрген балуан Руслан Әбдіразақов үшін сәтті болды десек, артық емес. Алыптар айқасында бақ сынаған ол «Қазақстан Барысы» жобасының финалына жетті. Аталған турнирде Русланды  Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі марапаттады. Одан бөлек, талай қыздың арманына айналған батыр өз құсын қолына қондырып, Мөлдір есімді арумен шаңырақ көтерді. Мешін жылы босағадан аттар тұста  Русланмен сұхбаттасып,  алдағы жылға жоспарлары туралы сұраған едік.

 — Руслан, биыл  екінші рет «Қазақстан Барысы» жобасында жүлдегер атандыңыз. Жыл жабылар тұста тағы бір құттықтаймыз! Жалпы, сізді спортқа, оның ішінде қазақ күресіне кездейсоқ келді дейтіндер бар. Сол рас па?

— Рахмет! Негізі, әкемнің спортқа деген қызығушылығы үлкен болатын. Мектеп қабырғасында, кейін әскер қатарында жүріп спортпен белсенді түрде айналысады. Алайда, кәсіби деңгейге жете қоймайды. Осыдан соң, ұлдарын ел намысын абыроймен қорғайтын батыр қыламын деп мақсат қойса керек. Әкем алдымен үлкен ағам Ұланды дзюдо үйірмесіне жетелеп апарды. Ұлан күрес әдістерін меңгере бастағанда, мен де үйде онымен күресіп, кей кездері жеңіп те кететінмін (күлді). Бір-бірімен тете өскен жігіттер мұны жақсы түсінеді. Кейін Ұланмен бірге спорт залына  баратын болдым. Алғашында қатты қызығушылығым болмағаны рас. Жаттығуды сыртынан бақылап, арасында өзіммен қатар балалармен күресіп жүретінмін. Сондай сәттердің бірінде мені қазіргі бапкерім Садық Мұстафаев байқап қалады. Дереу әкеме хабарласып, «Бұл баланы маған тапсыр. Одан чемпион шығаруға тырысамын. Дене-бітімі келісті екен», — дейді. Осылайша, спортқа шындап ден қоя бастадым. Алматыдағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқып, дзюдо күресінен Қазақстан біріншіліктерінде көзге түсіп жүрдім.

 — Сіздің дзюдодан аса ауыр салмақтағы ұлттық құрама мүшесі екеніңізді білеміз. Дзюдо мен қазақ күресін қатар алып жүру қиын емес пе?

— Аса қиын емес. Өйткені, дзюдо мен қазақ күресіндегі көптеген ережелер бір-біріне ұқсас келеді. Тек қазақ күресінде тізеден ұстауға, белден төмен әдіс жасауға рұқсат жоқ. Көптеген дзюдошы балуандардың қазақ күресін тез игеріп кететіні осыдан.

— Ағаңыз Ұлан Рысқұл «Қазақстан Барысы» турнирінің тұңғыш жеңімпазы ретінде тарихта қалды. Сол турнирде екеуіңіз күресіп, сіздің ағаңызға жол бергеніңіз де есте… 

— Иә, Ұланды менің жол бастаушым десем артық емес. 2011 жылы «Қазақстан Барысы» турнирі алғаш рет ұйымдастырылғанда, жеребе бойынша екеуміз күресетін болдық. Шыны керек, ол кезде Ұлан маған қарағанда бабында еді. Оның үстіне, қазақы тәрбие алып өскендіктен, ағамның жолы үлкен екенін үнемі есте ұстайтынмын. Сондықтан, оған жолымды бердім. Бапкерлерім де осындай шешімге келді. Қуанышқа қарай, сол турнирде Ұлан жеңіске жетіп, алтын белбеуді иеленді. Бүгінде ол жарақатына байланысты күрестен қол үзіп қалды. Әйтсе де, кәсіби балуанның кілемнен кетуі қиын ғой (күлді).  «Қазақстан Барысы» турниріне менің бапкерім ретінде барып жүр. Спорттағы титтей жетістіктеріме әкем мен Ұланның және бапкерлерімнің қосқан үлесі мол.

— Шыны керек, сіз сияқты алып тұлғалы жігіттерді күнде кездестіре бермейміз. Салмағыңыз да, бойыңыз да бар. Осынша салмақты ұстап тұру қиын емес пе?

— Үнемі жаттығу жасап жүретіндіктен салмағым мен бойым маған ыңғайсыздық тудырады деп айтпаймын. Бойым — 197 см, салмағым — 117 келі. Бұл менің салмағымда күресетін балуандар үшін таңсық емес. Бірақ, салмағымның ауырлығына қарап, мені тамақты көп жей береді деп ойлап қалмаңыздар (күлді).

— Аса ауыр салмақтағы балуандардың ішінде өзіңіз үшін күресуге ыңғайсыз спортшылар бар шығар?

— Әрине, бар. Мәселен, биылғы «Қазақстан Барысында» Жұманазар Ерсұлтановпен күрестім. Ойлап көріңіз, салмағы бір жарым тоннадан асатын адаммен күресу ыңғайлы болуы мүмкін бе (күлді)?  Әрине, қиын. Бірақ, намысқа тырысып, жеңу үшін күшіңді саласың. Сондай-ақ, тараздық Бейбіт Ыстыбаев та салмағы ауыр, алдырмайтын балуандардың бірі. Әйтсе де, «Күш атасын танымас» деген бар..

 — Жақында Мөлдір есімді арумен бас қосып, шаңырақ көтердіңіз. Әлеуметтік желілерде, әсіресе, Instagram-да сіздің тойыңыз қызу талқыланды…

— Әлеуметтік желілерді қазіргі өмірімізден бөліп қарау мүмкін емес сияқты. Оның ішінде, өнер жұлдыздары мен танымал спортшылардың өмірі, жүріс-тұрысы, айтар ақылы мен бөлісетін кеңестері қолданушылар үшін қызықты. Біздің тойымыздың желіде көп қаралғаны үшін қуаныштымын. Өзім мүлде білмейтін, бірақ, менімен тілеулес адамдардан қаншама құттықтау, жылы лебіздер алдым. Бұл шын мәнінде қуаныш сыйлайды екен. Бүгінде Instagram-дағы парақшама жазылушылар саны 20 мыңнан асып кетіпті. Сондықтан, жаттығу мен жарыстан қол босаған кезде әлеуметтік желіге де көңіл бөлуге тырысамын.

— Ал ғаламторды қаншалықты жақсы қолданасыз? Әлеуметтік желілерден бөлек, танымдық сайттарды қарап тұратын шығарсыз?

— Өзім дзюдомен де шұғылданатындықтан, спорттың осы түріне қатысты сайттарды жиі қарап тұрамын. Тартысты жекпе-жектердің видеосын қарап шығуды әдетке айналдырғанымыз қашан?!  Содан соң, спортшының өмірі үнемі залда, жаттығу жиынында, жарыста өтетінін білесіз. Сондай кездерде ғаламтор арқылы kaspi.kz  сайтының мүмкіндіктерді пайдаланып тұрамын. Мысалы, ұялы телефоныма бірнеше жылдан бері kaspi.kz терминалы арқылы төлем жасап жүрмін. Мен ғана емес, ұлттық құрамадағы барлық жігіттер осы жүйені пайдаланды. Ыңғайлы, жылдам әрі қаражатың үшін үнемді. Комиссия жоқ, бонус түседі.

 — Руслан, келесі жыл ірі тартысты жобаларға толы болмақшы. Мешін жылында орындауға бекініп отырған басты мақсатыңыз қандай?

— Ең бастысы, көлденең жарақаттан аман болу. Спортшы үшін ауыр жарақат алғаннан артық қиындық жоқ. Содан соң, «Қазақстан Барысы» турнирінің чемпионы атануға күш саламын. Үшінші де, екінші де болып көрдім. Ендігі мақсат — тек чемпион атану.