S&P Грекияның рейтингін дефолтқа дейінгі деңгейге түсірді

454
S&P Грекияның рейтингін дефолтқа дейінгі деңгейге түсірді

Халықаралық рейтинг агенттігі Standard & Poor’s (S&P) Грекияның ұзақ мерзімді несиелік рейтингін В- деңгейінен негативті болжаммен ССС+ деңгейіне түсірді. Ал елдің қысқамерзімді рейтингі В-дан С-ға төмендетілді. Бұл дефолт алдындағы деңгейді білдіреді деп хабарлайды lenta.ru.

S&P сарапшыларының түсіндіруінше, Грекиядағы жағдай белгісіздік жағдайынан зардап шегіп отыр. Афинаның сыртқы несие берушілермен келіссөздерінің перспективасы әлі нақты анықталған жоқ.

S&P рейтинг шкаласы бойынша, ССС+ жоғары несиелік қауіп дегенді білдіреді. Мұндай рейтингі бар борышкерлердің міндеттері тек жағымды іскерлік және қаржылай жағдайда ғана орындалады. С рейтингі борышкердің әлі де несиесін төлеп отырғандығын, бірақ банкроттыққа бір табан жақын тұрғандығын білдіреді.

Осыған дейін егер сыртқы несие берушілермен келісімге келмесе, Грекияның дефолт жариялауға дайын екендігі хабарланған еді. Бірақ Афина үкіметі бұл ақпаратты жоққа шығарды.

3 сәуірде Грекия үкіметінің банк жүйесін ұлттандыру және еуромен қатар драхма валютасын енгізу жөнінде жоспар дайындағандығы белгілі болды. Сол күні Грекияның қаржы министрінің орынбасары Димитрис Мардас Грекияның мемлекеттік қарызды төлеуге қаржысының жеткілікті екендігін мәлімдеді.

Айта кетейік, Еуротоп Афинаға берілетін қаржы бағдарламасын 2015 жылдың шілдесіне дейін созды. Бірақ Грекия үкіметі Еуроодақ пен ХВҚ тарапынан толыққанды қолдау бойынша келіссөздер жүргізгісі келмейді, себебі олар үнемдеу режимін қатаңдатуды талап етіп отыр.

Грекияның несие берушілер алдындағы жалпы қарыз көлемі 320 миллиард еуроны құрайды.