«Самұрық-Қазына» басқарма мүшелеріне сыйақы есебінде 345 млн теңге берілді

«Облигациялары Қазақстандық қор биржасының (KASE) ресми тізімінде жатқан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» 2014 жыл үшін атқарушы органның мүшелеріне 345 468 000 теңге көлемінде сыйақы бергендігін хабарлады», — деп жазылған биржа сайтында.

Қор сайтында жазылған ақпарат бойынша, қордың басқармасында 6 адам бар: Өмірақ Шүкеев (басқарма төрағасы), Елена Бахмутова (басқарма төрағасының орынбасары), Дәурен Ердебай (басқарма төрағасының орынбасары), Нұрлан Рахметов (қаржы директоры, басқарма мүшесі), Талғат Сәрсенбаев (құқықтық мәселе бойынша бас директор, басқарма мүшесі) және Берік Бейсенғалиев (бизнесті дамыту бойынша бас директор, басқарма мүшесі).

Егер жалпы сыйақы сомасын басқарма мүшелеріне бөлетін болсақ, әр адамға 57,5 млн теңгеден немесе 245 мың доллардан келеді ( KASE-ның қазіргі курсы 234,94 тг/дол).

Осыған дейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев әр жыл сайын белгіленген бонустық сыйлықтан бас тартатындығы хабарланды.

Еске салайық, бір жыл бұрын «Самұрық-Қазынаның» қаржы директоры Нұрлан Рахметов бонус есебінде 29,8 млн теңге алды. Оның сөзінше, қорда жұмыс істеу оңай шаруа емес. Сондай-ақ, ол ресейлік топ-менеджерлердің қазақстандықтармен салыстырғанда әлдеқайда көп алатындығын да айтқан.