«Самұрық-Қазына» Қазақстан Республикасының Үкіметіне 120 млрд теңге дивиденд төлейді

21

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ 2020 жылдың алты айында операциялық және күрделі шығындарды 429 млрд теңгеге азайтып, таза кірісін 212 млрд теңгеге жеткізді. Бұл туралы бүгін Қорға қарасты компаниялар тобының 2020 жылғы 1 жарты жылдықтағы қаржылай нәтижелері туралы баяндаған «Самұрық-Қазына» қорының қаржы жөніндеші тең басқарушы директоры Ернар Жанәділ мәлім етті, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі. 

Әуел баста сыртқы ортаның жағымсыз әсерлеріне тоқталған Ернар Жанәділ коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының күрт құлдырауы әлемдегі,соның ішінде,Қазақстанның әл-ауқат қоры мен қаржылай жағдайының дамуына кері ықпал еткенін түсіндірді. Бұл жағдайларды ескерген Қор басшылығы қаржы ресурстарын басқаруға басқаша әдіс-тәсіл енгізген. 

«Осы жұмыстардың нәтижесі ретінде Қордың компаниялар тобы операциялық және күрделі шығындарын 429 млрд теңгеге қысқартты. Бұның ішінде, күрделі салымдар 302 млрд теңгеге, тасымалдау мен әкімшілік шығындарды оңтайландыру 127 млрд теңгеге азайды»,-деп хабарлады ол. 

Ал, Қордың кірісі мен табысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, көлемі жағынан азайғанмен, күтілген болжамнан әлдеқайда артық нәтиже берген. Қордың стратегтері таза кіріс көлемін жыл соңына дейін 400 млрд теңгеден асыруды көздеп отыр. 

«Осы жылдың 6 айында компаниялар тобының операциялық кірістері 215 млрд теңгені, таза кірісі 212 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, екі есе кем, бірақ, біз жоспарлағаннан 79 млрд теңгеге көп. Ал, алдын ала болжам бойынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, қордың таза кірісі 421 млрд теңге көлемінде болады деп күтіліп отыр»,-дейді Ернар Жанәділ. 

Жоспар бойынша, басқарушы директор атап өткендей, жыл соңына дейін еншілес компаниялардың («Қазақстан Темір жолы» АҚ, KEGOC АҚ,ҚазАтомӨнеркәсіп және т.б — авт) операциялық кірістерінің артуы, өндіріс көлемінің көбеюі және мұнай бағасының болжамды өсімі мен теңгенің нығаюы есебінен Қордың таза табысын осы межеге жеткізу көзделіп отыр. 

Сонымен қатар, карантин кезінде Қордың компаниялар тобы қаржылай тұрақтылықпен қатар, дебиторлық қарыздарды азайтуға қатты көңіл бөлген. Мәселен, Ернар Жанәділдің хабарлауынша,алты ай ішінде Қордың компаниялар тобына тиесілі дебиторлық қарыз 60 млрд теңгеге азайып, 661 млрд теңгеге жеткен. Маусым айындағы карантин шараларының салдарынан дебиторлық борыштың 3.3 млрд теңгесі бойынша мерзім өткен. Қазір Қор мерзімі өткен қарыздарды өтеп, жағдайды жақсартып жатыр. 

«Бірақ, Қордың компаниялар тобы Ұлттық қорға қаражат жіберу жөніндегі міндеттерін бұлжытпай орындайды. Бұған дейін «Самұрық-Қазына» Ұлттық қорға 50 млрд теңге жіберді, қалған 50 млрд теңгені жыл соңына дейін жіберу көзделіп отыр»,-деді сөзін қорытындылаған Ернар Жанәділ.