Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Астана» кәсіби спорт клубының экс-директоры Аманбек Күлшіков пен «Astana Pro Team» велокомандасының» басшысы Ләззат Шәмшиеваны қамауға алып, «Astana Motorsports» жетекшісі Артур Ардавичустқа іздеу жариялады.
Қазақпараттың хабарлауынша олар өзара келісім жасап, артық бөлінген қаражатты шетелдік компаниялармен жалған келісімдер жасасу, оқу-жаттықтыру жиындарын ұйымдастыру, үй-жайларды жалға алу, тауарлық-материалдық құндылықтарды сатып алу бойынша жалған актілерге қол қою жолымен жымқырған.
Іс бойынша күдіктілердің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы қымбат мүліктері, автотранспорттық құралдар, элиталық пәтерлер, жер учаскелері қоса анықталған. Іске басқа да адамдардың қатыстылығы тексерілуде.
Айта кетейік, жымқырылған қаражатты «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының спортты дамыту және Қазақстанның беделін көтеруге бөлген.