«Сарыарқа» газ құбыры құрылысын тағы бір банк қаржыландырмақ

73
Сарыарқа газ
Фото: rtr.md

Алматы. 11 шілде. 7kun.kz – Еуропа қайта құру және даму банкі магистральды газ құбырының бірінші кезеңіне қаржы салуға әзір. Ірі жобаның бірінші кезеңі Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Астана бағыты арқылы өтеді. Ұзақтығы – 1 081 шақырым. Оның құны шамамен 267,3 млрд теңгені құрап отыр, деп хабарлайды abctv.kz.

«Біз Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президентімен келіссөздер жүргіздік. Банк газ құбырының магистральдық бөлігін және тарату желілерін қаржыландыруға дайын. Арнайы жұмыс тобын құрып, жол картасын әзірлеуге уәделестік. Енді тарату желілеріне жауапты әкімдіктердің қатысуымен жиын өткіземін. Келесі аптада жұмыс ауқымы мен қаржыландыруға қатысты мәселе нақты белгілі болады деп ойлаймын», – деді энергетика министрі Қанат Бозымбаев үкіметте өткен жиында.

Осыған дейін мәлім болғандай, «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезеңінің құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, Қазақстан даму банкі және Еуразия даму банкі қаржыландырады. Енді бұл қатарға Еуропа қайта құру және даму банкі де қосылып отыр.

Бұл ретте, 267,3 млрд теңгенің 102 млрд теңгесін Қазақстан даму банкі мен Еуразия даму банкінен несие алу арқылы қамтамасыз ету жоспарланған еді. Қалған 85 млрд теңге инвесторлар есебінен немесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынады деп көзделген болатын. Болмаса халықаралық қаржы ұйымдарын тарту туралы айтылған еді.

Еске сала кетейік, газ құбырының алғашқы кезеңінің құрылысы осы жылдың шілде айында басталады деп жоспарланған болатын. Ал оны 2019 жылдың желтоқсан айына дейін тәмамдау көзделген еді.

Жалпы, газқұбырының құрылысы төрт кезеңнен тұрады. «Сарыарқаның» екінші кезеңінде газ құбырын Астанадан Көкшетауға жеткізу жоспарланған. Ал үшінші кезеңде газ құбыры Петропавлға жетуге тиіс. Соңғы, төртінші кезеңде «Жезқазған» және «Теміртау» компессорлық станцияларының құрылысы жоспарланып отыр