Шетелдік авторлардың журналистика мен PR саласындағы еңбектері қазақшаға аударылады — Абаев

Фото:365info.kz

Астана. 17 ақпан. 7kun.kz — Ақпарат және коммуникациялар министрлігі шетелдік авторлардың журналистика мен PR саласындағы еңбектерін түпнұсқадан қазақ тіліне аудару жобасын бастады. Бұл туралы ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев фейсбуктегі парақшасында жазды. 

«Жалпы, елімізде мұндай жинақтарға сұраныс үлкен болғанымен, көпшілігі орыс тілінде екені жасырын емес. Ал, қазақ тіліндегі оқулық аз. Міне, сондықтан біз осы істі қолға алдық. Әрине, бұл біршама уақыт пен еңбекті талап етеді. Біріншіден, ол сұранысқа ие, уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын кітап болуы шарт. Екіншіден, авторлық құқық иесінен рұқсат алу, сапалы аудару ісі де оңай емес. Дегенмен алғашқы жинақты қыркүйектің 1-де студенттердің қолына тигізуді жоспарлап отырмыз», — деді министр.

Аударылатын кітаптар тізімі университет оқытушыларының кеңесімен жазылған. Қазақшаға аударылаты бірінші кітап — Ли Энн Пек пен Гай С. Рилдің қызмет барысындағы БАҚ этикасына арналған «Media Ethics at Work» жинағы. Шетелдерде студенттердің үлкен сұранысына ие еңбек орыс тілінде жарық көрмеген, яғни қазақшаға тікелей түпнұсқадан аударылады. Алдағы уақытта оны 3000 данамен шығарып, еліміздегі барлық кітапхана мен оқу орындарына тарату жоспарланған.

«Болашақта осы істі демеушілер арқылы жүйелі түрде жалғастырып, жыл сайын бірнеше кітапты аударып отыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде, жас журналистерімізге ақпарат саласындағы әлемдік даму тенденцияларымен кеңінен танысуға мүмкіндік беріп, отандық журналистикаға оң өзгерістер алып келеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар, бұл жобаны мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге бағытталған нақты шаралардың бірі деп айтуға болады», — деп жазады министр.