Шілдеден бастап зейнетақыны есептеу жолы өзгереді

Алматы. 25 маусым. 7kun.kz — Зейнетақыны есптеудің жаңа методикасына бюджетке қосымша 129 млрд теңге аударылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғаудың вице-министрі Светлана Жакупова айтты, деп хабарлайды LS. 

Оның сөзінше, 1 шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау әр зейнеткер үшін жекелендіріледі.

«Егер бүгінде базалық төлемақының орташа көлемі 15 274 теңге болса, ал шілдеде 24 456 теңгені құрайды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін бюджеттен қосымша 128,9 млрд теңге бөлу қарастырылған», — дейді Светлана Жакупова.

Вице-министрдің айтуынша, шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындау әр зейнеткердің еңбек өтіліне байланысты тағайындалады. Сонымен қатар, еңбек өтілінің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ынтымақтастық жүйесі де, одан кейінгі жинақтаушы жүйесі де ескеріледі.

Оның айтуынша, бүгінде қайта есептеу шаралары атқарылып, әрбір адамның зейнетақысы автоматты түрде белгіленді. Сондықтан қосымша құжаттарды әкелудің қажеті жоқ.  «Мәселен, зейнеткердің еңбек өтілі болмаса, сосын зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспаса, я болмаса, еңбек өтілі 10-ақ жыл болса, оған жаңағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін — 15 274 теңгені төлей береді. Ал 10 жылдан артық еңбек өтілі бар адамға қосымша әрбір жыл үшін 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам базалық зейнетақының толық мөлшерін — 28 284 теңгені ала алады. Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін «электронды үкімет» порталынан немесе «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтаманы да алуға мүмкіндік бар», — деп атап көрсетті С.Жақыпова.

Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде Қазақстанда 2 млн 148 мың адам базалық зейнетақы алып жүр. Олардың 44,5 проценті, нақты айтсақ, 940 мың адам базалық зейнетақының толық мөлшерін, яғни 28 284 теңгені алады. Ал 931 мыңға жуық зейнеткер ең төменгі күнкөріс деңгейіне жақын 74-90 процентін алады. Қалған 120 мың адам ең төменгі көрсеткіш — 15 274 мың теңге ала береді. Себебі олардың еңбек өтілі 10 жылға да жетпейді. Базалық зейнетақыны көтеруге республикалық бюджеттен 530 млрд теңге бөлініп отыр.