ШҚО-да браконьер құны 13 миллион теңге болатын арқарды атып алған

ШҚО. 30 маусым. 7kun.kz – Шығыс Қазақстан облысы, Ақшоқы ауылының 38 жастағы тұрғыны
тіркелмеген 28 калибрлі тегіс ұңғылы қарумен арқар, күзен атумен айналысқан.

Қоршаған ортаға келтірілген залал 13 миллион теңгеден астам қаржыны құрады. Қылмысты табиғат қорғау полициясының қызметкерлері «ОХОТЗООПРОМ» инспекторларымен бірлесіп, Аягөз ауданы Тарбағатай ауылдық округінің аумағында рейдтік іс-шаралар өткізу кезінде анықтады.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабы 4-бөлігі жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлеріне, сондай-ақ ірі залал келтірумен пайдалануға тыйым салынған жануарларға заңсыз аңшылық жасауға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Санкция алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға, мүлкiн тәркiлеумен, бас бостандығынан айыруды және жеті жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды көздейді», — деп хабарлады ПД-да.

Жыл басынан бері ШҚО-да жабайы аңдарды заңсыз аулаудың 11 фактісі анықталды.