Шымкентте кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды

Оңтүстік Қазақстан облысына ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында төраға «Тассай» минералды суын шығаратын «ЮНИКС» ЖШС-нің жұмысымен және онда шығарылатын негізгі өнім түрлерімен танысты деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Тимур Құлыбаев Сайрам ауданындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болды. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша бастаушы және тәжірибелі бизнесмендерге кеңес беріліп, мемлекет тарапынан берілетін қолдаулар бойынша көмек көрсетіледі. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кәсіпкерлер Палатасының Өңірлік кеңесіне келген Ұлттық палатаның президиум төрағасы өңірдің индустриалық-инновациялық жағдайымен танысты. Жиынға өңір басшысы Б.Атамқұлов пен облыстағы кәсіпкерлер қатысты. 

Кеңесте сөз алған өңір басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің өңірлері арасында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру бойынша көшбасшы екендігін айтты. «Облыста еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын табуда. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша құны 184 млрд. теңге болатын 137 жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. Осы кәсіпорындардың 95% қазірдің өзінде 90-100 % -ға жоспарлы қуатына шығып, Қазақстандағы үздік көрсеткішке жетіп отыр», — деді Б.Атамқұлов.

Аймақ басшысының айтуынша, мұндай нәтижелер бизнесті қолдау бағытындағы институционалдық шараларды қабылдау арқылы қол жеткізілген. Мәселен, барлық аудан, қалаларда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары мен индустриялды аймақтар құрылған. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жанында «Максимум» Аймақтық инвестициялық орталығы жұмыс істейді. Ол жеңілдетілген шарттармен жобаларды қаржыландырады.  «Жалпылай айтқанда, бұл өңірдің экономикасын әртараптандырып, оның тұрақты дамуына серпін береді» — деді аймақ басшысы. 

Тимур Құлыбаев қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және қызығушылығын арттыру бойынша Ұлттық палата кәсіпкерлері арқылы жүзеге асырылған жұмыстар туралы айтты. Өз кезегінде оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлер өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Мәселен, ОҚО Кәсіпкерлік палатасының Өңірлік кеңесінің басшысы Қайнар Абасов 2017 жылдан кейін аяқталатын арнайы экономикалық аймақтардағы ҚҚС және кедендік баждардың жеңілдік мәселесін көтерді. Бұл мәселенің бұған дейін де қаралғанын атап өткен ҰКП төрағасы АЭА (арнайы экономикалық аймақ) қатысушылары инвестициялық жеңілдіктер алуы үшін қолдаулардың баламалы шарасы ретінде арнайы инвестициялық келісімшарт енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, президиум төрағасы Кәсіпкерлік кодексіне өзгертулер енгізу қажеттігін де атап өтті. 

Осыдан бөлек, жиында ұлттық компаниялар мен қадағалау органдарының тексерулері, сондай-ақ, әйелдер кәсіпкерлігін қаржыландыру мен мемлекеттік органдардың сатып алуындағы қазақстандық мазмұнды арттыру мәселелері көтерілді.  Тимур Құлыбаев оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлерден түскен барлық сауалдар мен ұсыныстардың назарға алынып, күн тәртібіне қойылатынын жеткізді.