«СК-Фармация» басшысы қызметтен кетті

Фото: The Balance

Астана. 4 ақпан. 7kun.kz — «СК-Фармацияның» бірінші басшысы жұмыстан кету туралы арыз берді. Бұл туралы Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың сұрағына жауап берген ҚР Денсаулық министрі Елжан Біртанов мәлімдеді.

«Айтпақшы, Сіз (денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов — авт.) кадр мәселесі бойынша Президенттің берген тапсырмасын орындадыңыз ба?», — деп сұрады Сағынтаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

«Иә, шешім қабылданды. Енді, процедуралық жұмыстар қалды. «СК-Фармацияның» бірінші басшысы жұмыстан кету туралы арыз берді. Қазіргі кезде ол қызметтен шеттетілді», — деді денсаулық сақтау министрі.

Айта кетейік, 3 ақпан күні Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «СК-Фармация» компаниясының қызметін сынға алған болатын. «Фармация  мемлекет ақша беріп, сол ақшаны сатып алуларға жұмсайтын бірыңғай дистрибьютер. Бұл мафияға айналған. Олар фармацевтикалық фабрика салуға да  мүмкіншілік бермейді. Қазір өзімізді қанша дайын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз? 50 пайыз болсын деп тапсырма беріп едім ғой»,-  деп сұрады Президент Денсаулық сақтау министрінен.

«Жалпы, мемлекет тарабынан бөлінген ақшадан 30 пайызы өзіміздің өнімге жұмсалады. Жыл сайын көбейіп келеді. Бірақ, 30 пайыздан аспадық», — деп жауап берген министр.

«Қазір «Фармацияда» отырғандардың бәрін қуып жібер. Жаңа адамдар қойып, ақшаның қайда жұмсалатын шешіңдер. Жаңа адамдар алыңдар. Мен мұны бірнеше жыл бойы айтып келемін. Ештеңе шықпай жатыр. Орнынан қозғау мүмкін емес, біреулер отыр.  Оларды кім қолдайды? Біртанов, бұл үшін сен жауап бересің», — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.