«Әскери өнім» мен «Нұрлы жер» қалай жүзеге асуда?

Алматы. 19 маусым. 7kun.kz – Бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі екі бірдей әлеуметтік маңызы зор тұрғын үй бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен таныстырды. Бұл «Әскери өнім» бағдарламасы мен тұрғын үй сатып алу үшін табысы төмен отбасыларды несиелендіруге арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты.

«Әскери өнім» бағдарламасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 1,5 ай ішінде 3 800 әскери қызметкердің баспана мәселесін шешкен. Аталмыш мерзім ішінде банк  2 566 займ беріп, 1 224 несиелік өтінімді мақұлдады, ал 73 өтінім қарастырылуда.

«Әскери өнім» — банктің жеке бастамасы. Аталған бағдарлама бойынша әскери қызметкерлерге несие беру мақсатында біз өз қаражатымызды пайдаланып, 2019 жылы бөлінген 58,6 млрд теңгені толықтай игердік. Оларға берілген несиенің орташа сомасы 15 млн теңгені құрады» , — деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар, банк табысы төмен отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағытын әзірледі. Аталған бағдарлама Қаржы министрлігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 млрд теңге көлемінде қаражат түсіргеннен кейін басталады.

«Қазіргі таңда көп балалы және толық емес отбасыларды жалдамалы пәтерден өз баспаналарына көшіру банктің алға қойған жауапты әрі маңызды міндеттерінің бірі», — деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Табысы төмен отбасыларға тұрғын үй алуға арналған несиелендіру бағдарламасына көпбалалы және кәмелет жасына толмаған балалары бар толық емес отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

Олар заем сомасының 10%-ын құрайтын бастапқы жарнамен несиені жылдық 2% мөлшерлеме бойынша алатын болады. Ал, бастапқы жарнаны төлеуге шамасы келмеген отбасыларға жергілікті әкімдіктер арқылы тұрғын үй сертификаттары ұсынылады.

Бағдарламаға қатысушылар несиелік өтінімді өткізу мақсатында банкке келмес бұрын, міндетті түрде жергілікті әкімдіктен жолдама алулары керек. Аталған жолдама бағдарламаға қатысушының расымен де әкімдікте кезекте тұрғанын және баспанаға мұқтаж екенін дәлелдейді.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасының әр мүшесіне келетін табыстың көлемі 42 500 теңгеден аспау керек. Мәселен, отбасында 5 адам болса, онда ең жоғарғы табыс мөлшері 212 500 теңгеден артық болмауы тиіс.

Осылайша, бағасы 9 млн теңгелік тұрғын үй бойынша, алғашқы 8 ай ішіндегі алдын ала заем бойынша төлем мөлшері 47 400 теңгені құраса, ал қалған 11 жыл ішінде тұрғын үй заемы бойынша 31 760 теңгеден төлеп тұруы қажет.