Тұрғын үй иелері күрделі жөндеуге ақша аударатын болады

634

Коммуналдық қызметтерді төлеу түбіртектерінде жаңа баған пайда болады. Енді пәтер иелері күрделі жөндеуге ақша аударатын болады деп хабарлайды «31 арна».

Тұрғын үй иелерінен күрделі жөндеуге ақша жинауды міндеттеуді үкімет 2014 жылы қолға алған еді. Жаңа ережеге сәйкес, Пәтер иелеренің кооперативі (ПИК) тұрғындар жыл сайын жөндеу жұмыстарына белгілі бір соманы аударып отыру үшін арнайы есепшот ашады. Сома былайша есептеледі: пәтердің пайдалы аумағына шенеуніктер бекіткен 0,02 саны мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері көбейтіледі. Нәтижесінде, мәселен, 60 шаршы метр үшін үй иесі 2,5 мың теңге төлейді.

Тұрғын үй инспекциясында бұл шара амалсыздықтан жасалып отыр дейді.

«Әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға бұл өте ауыр екенін түсініп отырмыз. Олар үшін баспаналық көмек қарастырылған. Ол көмектің көрсетілуіне Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жауапты. Жағдайы төмен топқа жататындар сол басқармаға барып, қажетті құжаттарды тапсырулары тиіс. Содан кейін оларға айлық шығындарын өтейтін баспаналық көмек алатын болады», — дейді Алматы қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Саид Қалиев.

Телеарнаның хабарлауынша, жаңа ереже бойынша ПИК қызметкерлері үш ай сайын тұрғындарға қанша қаражат жиналғанын және оның не нәрсеге жұмсалатыны туралы есеп берулері тиіс. Олай болмаған жағдайда, пәтер иелері тұрғын үй инспекциясына барып, прокурорлық тексеріс жүргізілуін талап етуге құқылы.