Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 120 салымшысы Қостанайда пәтер алды

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 120 салымшысы Қостанайда пәтер алды

Қостанай. 2 қараша. 7kun.kz - Жаңа баспана иелеріне арнап бірден екі үй пайдалануға беріліп отыр. Нысандар «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жергілікті атқарушы органдар бағыты бойынша салынған. Пәтерлердің 50 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) салымшыларының арасында бөлістірілді, ал қалған 50 пайызы әкімдікте үй кезегінде тұрған адамдарға берілді. Бұл туралы банк баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Дәурен Саудабаев банк клиенттеріне пәтер кілтін тапсырды.

- Мемлекеттің қолдауының арқасында 1 шаршы метрінің бағасы 136 000 теңге болатын қолжетімді баспанаға қол жеткіздік. Мұндағы бір бөлмелі пәтердің бағасы орта есеппен 5,5 млн теңгенің айналасында. Ақшаның бір бөлігін салымшылардың өздері жинады. Жетпейтін соманы банк жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие түрінде берді, - деді Дәурен Саудабаев.

«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында берілетін пәтерлерді банк салымшылары тұрғын үй, аралық және алдын-ала заемдарының есебінен сатып ала алды. Олар бойынша жылдық несие мөлшерлемесі 3,5-5% аралығында болды. Мемлекеттік бағдарлама талабы бойынша, несие алу үшін ТҮҚЖБ шотында тұрғын үй бағасының кем дегенде 30 пайызына тең сома жинау керек еді.

Бүгінгі күні аймақтың 43 000 тұрғыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде үй аламыз деп ақша жинап жатыр. Қазір олар 1 шаршы метрінің бағасы 128 000 теңге болатын құны төмендетілген үй алу мүмкіндігін де пайдалана алады. ТҮҚЖБ 9 үйдегі 400 пәтер бойынша үміткерлердің қосымша тобын қабылдауда. Нысандар туралы толық ақпаратты baspana.kz порталынан білуге болады.

Похожие материалы