Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозит көлемі 14 пайызға артты

үй

Алматы. 20 қазан. 7kun.kz — Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозит көлемі 2017 жылдың басынан 14%-ке артты деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Есептік кезең нәтижелері бойынша ТҮҚЖБ халықтың ұзақмерзімді салымы нарығында 1-орында тұр. Жинақ ақшасының жалпы көлемі 464 млрд теңгеге немесе екінші деңгейлі банктер арасында жалпы депозит қоржынының 28%-не тең.

ТҮҚЖ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова көрсеткіштердің жақсаруына 2017 жылдың сәуір айындағы тұрғын үй жинақ құрылысы туралы келісім-шарттар бекітудегі комиссияның алынып тасталғаны ықпал еткенін айтады.

2017 жылдың төртінші айында 58 390 адам жаңа депозит ашқан. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың cәйкес кезеңінде 20 310-ға тең болған. Жалпы алғанда бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша ТҮҚЖБ-да 201 523 жаңа келісім-шарт ашылды. Бұл 2016 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда екі есе дерлік көп.

Есептік кезең ішінде Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы мен баспана сатып алуға берілген заемдар көлемі 155 млрд теңгені құрады. Оның 117 миллиардын ТҮҚЖБ бөліп отыр. Бұл Республика бойынша ресімделген барлық ипотекалық заемдардың 75,4%-на тең.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын несиелерге деген мұндай сұраныстың қалыптасуына халықты несиелендіру нарығында екінші деңгейлі банктер белсенділігінің бірқалыпты дамуы, жылжымайтын мүлік бағасының тұрақталуы, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы әсер еткен.

ТҮҚЖБ несие қоржыны 14,2%-ке артып, 6 ай қорытындысы бойынша 377,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте банктің басқа екінші деңгейлі банктер арасында сапасы ең жоғары несие қоржынына ие болып отырғанын айта кету керек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің NPL-ы (төленбегеніне 90 күннен астам уақыт өтіп кеткен заемдар) — 0,41%, ал қазақстандық банктер бойынша орташа NPL — 10,7%.