Талдықорғанда жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтеді

41
Е-Qurylys
Фото: tengrinews.kz

Алматы. 14 мамыр. 7kun.kz – 15 мамыр күні Талдықорған қаласында Алматы облысының жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымы хабарлады.

«Атамекен» көрме орталығында өтетін жәрмеңкеге «7-20-25» бағдарламасына жататын 16-ға жуық тұрғын үй кешені қойылады.

16 тұрғын үй кешенінің 7-еуі Талдықорған қаласында орналасқан. Жәрмеңкеге 15 құрылыс компаниясының, ҚР Ұлттық Банкінің, «Баспана» ипотекалық ұйымының және «7-20-25» бағдарламасына қатысушы 8 банк филиалдарының өкілдері қатысады.

«Алматы облысы жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтетін бесінші аймаққа айналды. Тұрғын үй сатушылары мен сатып алушыларының, сондай-ақ олардың мәмілесін қаржыландыруға дайын ұйымдардың бір алаңда осындай форматпен кездесуі өз тиімділігін дәлелдеді. 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18%-ға өсті. «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру тұрғын үй құрылысының қарқынына оң әсер етеді», — деді «Баспана» ипотекалық ұйымы басқармасы төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов.

Талдықорғанда жәрмеңке осымен жетінші рет өтеді. Бұған дейін жәрмеңкелер Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар және Қарағанды қалаларында өтті.