Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Тәжікстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды

Тәжікстанда Қазақстан медицинасы күндері басталды

Алматы. 19 желтоқсан. 7kun.kz — Бүгін Душанбеде Қазақстан медицинасының күндері басталды. Шараның басты мақсаты — Тәжікстан мен Қазақстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, екі елдің азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету жолында тәжірибе мен біліммен, инновациялар мен технологиялармен алмасу. 

Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бастаған 30-дан астам делегат қатысуда. Олардың қатарында отандық жетекші медициналық ұйымдар мен клиникалардың бірінші басшылары, санаторлық-курорттық ұйымдардың қызметкерлері, фармкомпаниялар, медициналық университет ректорлары бар. 

Екі мемлекеттің денсаулық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараның бірінші күні форум мен қазақстандық медицина жетістіктерінің көрмесі  өтеді. 

Форум барысында Қазақстандағы медицина саласындағы реформалар, практикалық медицинада қолданылатын инновациялар мен озық технологиялар таныстырылып,  отандық медицинаның мүмкіндіктері мен жетістіктері баяндалатын презентациялар жасалынатын болады. Тараптар өз тәжірибелерімен, инновациялық және технологиялық жетістіктерімен алмасады. Диалогтық алаңда медициналық туризмді дамыту, ана мен баланың денсаулығын қорғау, репродуктивті хирургияның жетістіктері, кардиология саласында заманауи технологияларды қолдану, кардиохирургиялық қызметті дамыту және денсаулық сақтау саласын цифрландыру және т.б. медицинадағы өзекті мәселелер талқыланады. 

Іс-шараның екінші күні Душанбедегі жетекші медициналық ұйымдарда шеберлік сыныптары мен консультациялар өткізіледі.  

Форумға Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева, орталықтың білікті дәрігері Рүстем Бишманов қатысуда. Орталық делегаттары сапар барысында кеше Республикалық онкологиялық ғылыми орталығында болды. Кездесу барысында Педиатрия орталығының басшысы Р.Боранбаева «Қазақстандағы Педиатрия — мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында таныстырылым жасап, Тәжікстан онкологиялық орталығының қызметімен танысты.  

Похожие материалы