PROJECT SYNDICATEТаңдаулы1

Технология бөлшек сауда нарығын бұзып жатыр ма?

ВАШИНГТОН – Ақпараттық технологиялар нарықты трансформациялап қана жатқан жоқ, ол барлық жерді, әсіресе тұрмыстағы тұтынушыларды жаулап алып жатыр. Адам компьютердің көмегімен әлемнің кез келген түкпірінде отырып тауарлар мен қызметтерді таңдап, әр түрлі сатушылар арасында бағаны салыстырып, затты жеткізу туралы жан-жақты мағлұмат ала алады.

Дүкен сөрелерінен, алаңдардан, шаңдауыт көшелерден сабылып зат алып өскендер мұндайды тек армандаушы еді. Олар көбіне жай затты сатып алу үшін ұзақ күтуге, саудаласуға мәжбүр болатын. Онлайн нарық келгелі уақыт та, ақша да үнемделіп, процестің барлық кезеңіндегі транзакция шығыны еселеп арзандады.

Онлайн нарық тұтынушының жағдайын жақсартқанымен, іздеу жүйелері арқылы да, Amazon сияқты бірыңғай жүйелер арқылы да баға, тиімділік және тұтынушыға қызмет көрсету тұрғысынан бәсекені барған сайын арттырып жатыр. Тұтынушы әр затқа қолында бар табысының аз бөлігін жұмсай алатындықтан, олар бұрынғыдан көп тауар ала бастайды, бұл жалпы экономикалық белсенділікті арттырады.

Дегенмен, онлайн нарық осы үдеден шығып жатыр ма?

Қалай десек те, бұл суреттеудің өзі ескіріп қалды. Қазір онлайн сатушылар тұтынушының Интернеттегі әрекеттеріне және басқа да жеке мәліметтеріне қарап, “таргеттелген баға” ұсынады. Осыған байланысты бір мысал: қазір әуе компаниялары билет бағасын тұтынушының қалтасына шақтап ұсынатыны сондай, бұрынғы онлайн нарықтар сияқты ақша үнемдеуге мүмкіндік бермейді.

Әрине, егер онлайнда қымбат автокөлік пен қымбат демалыс орнын іздесеңіз, кукилер немесе онлайн аңдумен айналысатын басқа қызметтер бұл мәліметті “қағып” алады. Сөйтіп, цифрлық жарнама берушілер мен сатушылар табысы төмен адамдарға ұсынатын тауарлардан басқа қымбат сағат, жиһаз не әуе билеттерін ұсына бастайды. Кей жағдайда олар бір тауар не қызмет түрін әр адамға әртүрлі бағамен ұсынуы мүмкін.

Онлайн нарықты сегменттеу барысында веб-компаниялар сұраныс қисығын дәл сипаттап, оның отбасылардың ерекшеліктерімен байланысын анықтайды. Мәселен, The Atlantic журналы 2017 жылғы мамырдағы мақалада: “2015 жылы Рождество жақындаған сайын асқабақ бәлішіне қосатын бұрыштың бағасы қымбаттай берді… Amazon-да бір унция банкінің бағасы қай жерден қарағаныңызға қарай 4.49 доллар мен 8.99 доллар аралығында болды”, – деп жазды.

Нәсілі, этносы, жынысы не діні бойынша бөлектен жатпағандықтан, баға бойынша бұлай дискриминациялау заңға қайшы емес. Ары кеткенде, енді біздің қалауымыз, табысымыз, ақша жұмсау ерекшеліктеріміз туралы мәліметтеріміз әр транзакция бойынша әрқайсымызға лайықталған баға шегін ұсынуға алып келетін шығар. Олай болса, тұтынушы 100 пайыз жағдайда 100 пайыз пайда көреді.

Әрине, әр тауар мен қызмет түріне байланысты баға дискриминациясы бола бермейді, оффлайн сатушылар мен жұрттың бәріне арзан баға ұсыну арқылы нарыққа енгісі келетін жаңа ойыншылар тудыған бәсекенің арқасында бұл тренд біршама бәсеңдеуі ықтимал. Оның үстіне, бір салада жинақталған мәлімет бәсекелес компаниялардың барлығына беріліп, олардың барлығы бір тұтынушыға бірдей баға ұсынуы мүмкін. Іс жүзінде, әсіресе мәліметті көп жинаған компаниялар қазір-ақ осындай баға сегментациясын бастан кешіп жатыр.

Бұл нарықтар тым бөлшектеніп жатыр дегенді білдіреді, соның кесірінен әр тұтынушы өздері туралы мәліметтердің негізінде ұсынылған заттар мен қызмет түрлерінің аясында шектеліп қалады. Экономиканы оқитын әр студентке белгілі жайт – бұл жағдай жалпы байлықты азайтады, себебі әр тұтынушы өздері сатып алып жатқан тауар мен қызмет үшін өздері төлей алатын ең жоғары соманы төлейді, өздерінде ешқандай артық ақша қалмайды.

Ол ол ма, басқа факторлармен қоса, өнім өндіруге қатысты жылдам өсіп келе жатқан капитал және дағды талаптары дамыған экономикалардағы түрлі секторлар арасында бәсекені азайтады. Тұтынушы пайдасын жүйелі түрде “алып қоюмен” бірге, бұл жағдай ұзаққа созылатын макроэкономикалық салдарға алып келуі мүмкін. Мәселен, жеке адамның тұтыну ерекшеліктері өзгеруі ықимал. Ал тұтынушылардың табысы негізіндегі экономикалық үлесі кішірейіп, жалпы сұраныс азая бермек. Сөйтіп, ақыр соңында барлық жұрттың алатыны азаяды.

Технология компанияларының қолданушылар онлайнда қалдырған жеке мәліметтерді қолдануға қақысы бар ма, жоқ па деген пікірталас жүріп жатқанда компаниялардың көбі  өз бетінше де, біз үшін де бұл мәселені әлдеқашан шешіп қойған. Қоғамның алдағы жылдардағы игілігі мен бақуаттығын ойласақ, біз қабылданатын шешімдердің дені сау, бәсекелі нарық қалыптастыруға үлес қосарына көз жеткізуіміз керек. Ақыр аяғында, тұтыншуға пайда келтіретін жүйе баршамызға пайда келтірері анық.

Автор туралы: Мария Гонзалес-Миранда – Дүниежүзілік банктің Макроэкономика, сауда және инвестиция жөніндегі менеджері.
Ивайло Изовски – Дүниежүзілік банктің Макроэкономика, сауда және инвестиция бойынша аға экономисі.

 

© Project Syndicate 1995–2018

Tags

Осы айдарда

Close