The Procter & Gamble Company

The Procter & Gamble Company..............................

The Procter & Gamble Company (Проктэр энд Гэмбл), P&G  — әлемдік тұтынушылық тауарлар нарығының көшбасшыларының бірі, америкалық трансұлттық компания. Компания Fortune 500 тізімінде 22-орында тұр. Табыс пен нарықтық капиталдандыру көлемі бойынша АҚШ-тағы алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі. P&G әлемдегі ең ірі жарнама беруші деп есептеледі. Себебі, жылына компания реклама үшін 8 млрд доллардан артық қаржы жұмсайды. Компанияның штаб-пәтері Цинциннатиде (Огайо штатында) орналасқан.

Компания тарихы

Компанияның негізін қалағандар — шырақшы Уильям Проктер мен сабыншы Джеймс Гэмбл. Ашылған жылы — 1837 жылы. 1859 жылдың өзінде-ақ компанияның сатылымы 1 млн долларға жеткен. АҚШ-тағы азаматтық соғыс кезінде P&G солтүстік әскерлерге шырақ пен сабын тасымалдау туралы келісім-шарт жасасады.

2003 жылы Wella атты неміс компаниясын сатып алады. Ол компания шаш күтіміне арналған құралдар мен шашқа арналған бояулар шығарады. 2005 жылдың қаңтар айында Procter & Gamble Gillette компаниясын өзіне қосып алады. Келісім құны 56 млрд долларды құрады. Осыдан соң P&G тұтынушылық тауарлар шығарудан тіпті Unilever компаниясын да басып озады.

Меншік иелері және басшылық 

Компания көпшілікке ашық, оның акциялары Нью-Йорк қор биржасында айналымға шығады. Доу-Джонс өнеркәсіп индексінің есебімен қабылданады. P&G -дың 2015 жылдың 2 сәуір күнгі нарықтық капиталдандыру көрсеткіші 222,02 млрд доллар. Осы көрсеткіш бойынша компания әлемдік компаниялардың үздік жиырмалығына кіреді.

Компанияның директорлар кеңесінің құрамында 13 адам бар. Олардың ішінде American Express және Boeing секілді компаниялардың топ-менеджерлері кіреді.

Директорлар кеңесінің төрағасы — Алан Лафли (Alan G. Lafley), бас директор және компанияның президенті — Роберт Макдональд (Robert McDonald).

Өнімдері

P&G брендтерді басқару жүйесінің негізін қалаушы компания болып есептеледі. 1931 жылы «бренд-менеджмент» термині алғаш рет қызметтік жазбада пайда болады. Алғашқы сол жұмысты атқарушы жарнама бөлімінің қызметкері — Нейл МакЭлрой. Бүгінде компанияның қол астында 23 әлемдік сатылымдағы бренд бар. Сатылымы 1 миллиард доллардан асады. Осындай тағы 20 бренд бар. Олардың сатылымы 500 миллион долларды құрайды. Негізінен осы 43 бренд компанияның қозғаушы күші әрі әлемдік нарықта жыл сайын сатылым көлемін 10 %-ға көбейтіп отырады.

Компанияның негізгі брендтері:  Fairy, Tide, Ace, Mr. Clean. т.б. тазалық құралдары, балаларға арналған Pampers жаялықтары, әйел гигиенасына арналған Tampax, Discreet, Always. Alldays, шашқа арналған  Wash&Go, Head & Shoulders, Pantene, Shamtu, Herbal Essense, Wella, Londa, денеге арналған құралдар мен парфюмерия Camay, Safeguard, Secret, Old Spice, Olay, Hugo Boss, Dolce&Gabbana, Gucci, Mexx, Baldessarini, ауыз қуысын тазалауға арналған құралдар Blend-a-Med, Oral-B, Crest, тұрмыстық техника Braun т.б. бар.

785-procter-gamble

Procter & Gamble компаниясының әйгілі брендтері

P&G-дың негізгі даму трендтері

Procter & Gamble өнімдерінің ең көп өтетін жерлері — дамыған мемлекеттерде. Географиялық шама бойынша, саудадан түскен барлық ақшаның 67%-дан жоғарысы Солтүстік Америка мен Еуропаға тиесілі. 16%-ға жуығы Азия елдерінде, соның ішінде Жапония мен Қытайда. Олай болатын себебі, дамыған елдерде тұтынушылардың табыстары жоғары болғандықтан, нарықтары да кең болып келеді. Ол дегеніміз, тауар алған кезде түбіртектегі ақша көлемі де дамушы елдерге қарағанда әлдеқайда жоғарырақ. Мәселен, АҚШ тұрғыны бір кір жуу ұнтағы үшін Бразилия тұрғынына қарағанда көбірек ақша төлейді.

Қаржылық көрсеткіштері:

P&G-дың 2014 жылғы жалпы табысы – 83,06 млрд долларды құрайды. Ол дегеніміз, өткен жылмен салыстырғанда 0,7%-ға көбірек. Таза табыс көлемі де 2013 жылдағы 11,3 млрд доллардан 11,7 млрд долларға көбейді. Ал, 2015 жылдың алғашқы тоқсанында 20,15 млдр долларға азайған. Өткен жылдың сол кездегі көрсеткішінен 5%-ға аз. Таза табыс көлемі 2,4 млрд доллар, 2014 жылдың алғашқы тоқсанында аталған көрсеткіш 30%-ға жоғары болатын. Бұл көрсеткіштерге инвесторлар да қатты алаңдауда. Себебі, компания акциялары 4%-ға арзандап кетті. Бұл келеңсіздіктің шешімі әлі табылмай отыр.

P&G табысы туралы есеп:

Мерзімі 30.06.2014 30.06.2013 30.06.2012 30.06.2011
Жалпы табыс 83062 82581 83680 81104
Жалпы пайда 410011 41544 41289 41245
Операциялық кіріс 15288 14330 13292 15495
Таза табыс 11643 11312 10756 11977

Операциялық тиімділік көрсеткіштері де айтарлықтай төмендеген. Компанияның жалпы тиімділігі 49.2%, ал операциялық маржа —  18.6%. Маржиналдылық бойынша да компания төмен көрсеткішке ие болып отыр — 11.5%.

Қорыта келгенде, P&G акциялары тұрақты, компания бизнесі әр тарапталған. Сол себепті түрлі дағдарыстар туындау қаупі азырақ.

Қызықты мәлімет

Procter & Gamble-дың логотипі туралы XX ғасырдың 80-жылдары Америка қоғамы түрлі пікірлер айтып жүрді. Соның ішінде, компанияның сол кездегі логотипінде шайтандық белгі салынған деген сөз тарады.

Эмблемада әйел адам емес, ер адам бейнеленгеніне және 12 емес, 13 жұлдыз тұрса да, барлығы Киелі кітапта жазылған шайтандық белгілер бар деуін қоймады.

Дәл сол кезде тараған тағы бір жалған әңгіме — Procter & Gamble  президенті телевизиялық шоу бағдарламаға қатысқан кезінде сатанистер сектасының мүшесі екендігін айтып қалды деген сөз. Логотипке қатысты дау осылайша тағы да өрши түсті. P&G президенті ешқашан телешоуға қатыспаған әрі жоғарыдағы сөзді де айтпаған. 12 жыл соттасқан соң, 2007 жылы Солт-Лейе-Сити соты Amway –дің екі дистрибьюторларының жалған әңгіме таратқандығын анықтайды. Айыптыларға 19,25 млн доллар көлемінде айыппұл салынады.

«Шайтани белгі» туралы сөздің жалғандығын дәлелденіп шықса да, P&G  әрі қарай дау туындамауы үшін қазіргі логотипін ойлап табады. Логотипте компания атауының алғашқы әріптері бейнеленген.

sign6

Компанияның алғашқы және қазіргі логотиптері