ТМД-ның қай елдерінде жұмыссыздар саны көп

186
Қазақстанда
Фото: Sostav.ru

Алматы. 28 маусым. 7kun.kz — 2018 жылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ға жетті. Жұмыспен қамтылғандардың саны — 8,4 млн адам, жұмыссыздар саны — 441,9 мың адам. Бұл туралы Статистика комитеті хабарлады.

ТМД-дағы дәл осындай көрсеткіш Беларусьте байқалды. Бұл ретте Беларусьтегі жұмыспен қамтылған халықтың саны Қазақстанға қарағанда 1,8 есе аз — 4,9 млн адам, жұмыссыздар — 245 мың адам.

Ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Арменияда тіркелді — 15,3%. Жұмыспен қамтылғандардың саны — 1,1 млн адам, жұмыссыздар саны — 200,3 мың адам.

Өзбекстандағы жұмыссыздық деңгейі — 9,3%, бұл ТМД-дағы екінші көрсеткіш. Мұнда 17,3 млн адамның тұрақты жұмысы бар, ал 1,7 млн өзбестандық жұмыссыз.

Украинада 15,7 млн адам жұмыс істейді, 1,6 млн адамның жұмысы жоқ, жұмыссыздық деңгейі — 9,1%.

Сондай-ақ, ТМД елдері арасында Ресей мен Әзербайжанда да жұмыссыздық көрсеткіші біршама жоғары — 4,9%. Алайда федерацияда Қазақстаннан 8,3 есе көп адам жұмыс істейді — 72,3 млн адам, тиісіше 3,7 адам жұмыссыз. Ал Әзербайжанда 4,9 млн адам жұмыспен қамтылса, 254 мың адам жұмыссыз жүр.

Достастықтағы ең төменгі жұмыссыздық деңгей Қырғызстан (2,8%) мен Молдовада (3%) тіркелді. Бұл ретте Қырғызстанда — 2,4 млн адам, Молдовада — 1,2 адам жұмыс істейді. Жұмыссыз халықтың саны тиісінше — 70,1 мың адам және 38,5 мың адам.