Тоқаев елге келіп жатқан ресейліктерге қамқорлық көрсетуге шақырып, Үкіметке тапсырма берді

Түркістан. 27 қыркүйек. 7kun.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесуі барысында елге келіп жатқан ресейліктер туралы айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері Ресейден көптеген адам келе бастады.Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр», – деді президент.

Президент келген ресейліктеге қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет екенін айтты. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Мемлекет басшысы осы мәселені Үкіметке тапсырғанын атап өтті..

«Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйіткілді еліміз мүддесіне сай шешеміз», – деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев осындай алмағайып кезеңде ең алдымен береке-бірлік қажет екенін айтты.

«Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек», – деді ол.