Тоқаев жаңа квазимемлекеттік компаниялар құруға мораторий енгізді

2020
Фото: Vlast.kz

Алматы. 4 шілде. 7kun.kz — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың сайтында хабарлады.

Жарлықта аталған шара мемлекеттің бизнес-ортаға қатысуын қысқарту және жеке секторды дамыту үшін қолданылғаны жазылған.

«Қаулы етемін: әлеуметтік салада және (немесе) елді мекендердің тыныс — тіршілігін қамтамасыз ету саласында қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаларды; жұмыс істеп тұрған заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру (біріктіру немесе қайта құру) жолымен оңтайландыру шеңберінде құрылатын заңды тұлғаларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін мораторий енгізілсін», — делінген құжатта.

Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне дауыс беретін акциялардың (қатысу үлестерінің) 50% және одан аз пайызы тиесілі болатын жарғылық капиталдағы акционерлік қоғамдар да; ел Президентінің тапсырмасы және (немесе) келісімі бойынша құрылатын заңды тұлғалар да жатпайды.

«Үкімет жергілікті атқарушы органдармен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен, сондай — ақ Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы Жарлықты іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын», — делінген мәтінде.

Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.