Банк жаңалықтарыЖаңалықтарТаңдаулы1

ТҚЖБ IFC ұйымымен жаңа несие өнімін әзірлеу туралы келісім бекітті

Жаңа несие өнімін әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2019 жылдың соңына қарай аяқталады.

Алматы. 8 қараша. 7kun.kz – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі IFC ұйымымен жаңа несие өнімін әзірлеу туралы келісім бекітті, — деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Қазақстандықтарда үздік халықаралық тәжірибелерді қолдана отырып тұрғын үй мәселесін шешуге арналған қосымша құрал пайда болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) Бүкіләлемдік банк Тобына кіретін Халықаралық қаржы корпорациясымен (International Finance Corporation — IFC) сәйкес келісім бекітті.

«Біз дамыған тұрғын үй секторы Қазақстанның тұрақты өркендеуінде шешуші мәнге ие, ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі секілді қаржы институттары осы сектордың дамуына ықпал етуде маңызды рөл ойнайды деп санаймыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі банк секторының бәсекеге қабілеттілігін нығайту және Қазақстандағы қаржылық инклюзивті қамтамасыз етудегі біздің жағдайда мінсіз серіктес болып отыр», — деді Орталық Азия бойынша IFC басшысы Кассандра Колберт.

Жаңа несие өнімін әзірлеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2019 жылдың соңына қарай аяқталады. Бірінші кезекте IFC банктің қазіргі қызметіне анализ жүргізеді, осыдан кейін клиенттер базасын саралайды. Клиенттердің қажеттілігін түсіну үшін халықаралық сарапшылар олардың жұмысын, табыс деңгейін, қай жерде тұратынын зерттейді. Осы деректердің негізінде банктің қазіргі өнімдер желісі және бизнес-процестері жетілдіріледі, сондай-ақ жаңа несие өнімі әзірленеді.

«Қазіргі күні Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі баспаналы болудың ең қолжетімді әдісі болып отыр. 1 миллион екі жүз мыңнан астам қазақстандық осы жүйеге сенім білдіреді. Бұл – елдегі экономикалық белсенді халықтың 13,1%-ы. Осы уақытқа дейін 165 000 азаматқа тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектестік. 2018 жылдың 10 айында ғана 30 500 отбасы біз арқылы баспаналы болды. Ал қазан айында 4 500 заем ресімдеп, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Баспаналы атанған салымшылар саны бұдан да көп болуы үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі халықаралық деңгейге шығып отыр. Бұл қосымша инвестицияларға жол ашады және тұрғын үй мәселесін шешуге арналған жаңа құралдарды енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай қадамнан бірінші кезекте Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің клиенттері ұтады. Оларға бұрынғыдан да сапалы, көпжылдық халықаралық тәжірибеге негізделген қызметтер ұсынылады, нәтижесінде салымшыларымыз тиімді жолмен баспана ала алады», — деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Tags

Осы айдарда

Close