САНТА-БАРБАРА – Бір ғасырға жуық уақыт бойы АҚШ доллары қаржы әлемінің құтқарушысы қызметін атқарып келеді. Одан басқа ешқандай валюта ен байлықтың қауіпсіздігі мен өтімділігін ондай деңгейде қамтамасыз ете алған емес. Қиын кезеңдерде үркек инвесторлар мен үнемшіл орталық банктер бар ақшасын доллар активіне, одан қалса АҚШ қазынашылығының облигацияларына ауыстырып қоятын. Енді мұндай болмауы мүмкін.

АҚШ президенті Дональд Трамптың бейберекет әкімшілігі жасыл қағазға деген сенімді мүлде азайтып жіберді. Қиялдағы миллиондардың алдында инаугурациясы өткен соң Трамп түрлі елдердің басшыларымен, соның ішінде Австралия, Германия сияқты өз одақтастарымен араздасып қалды. Жақында ол Солтүстік Кореяның диктаторы Ким Чен Ынмен текетіресіп, жаһандық ядролық соғысты бастауға шақ қалды.

Долларды үлкен сынақ күтіп тұр. Әлемнің инвесторлары жан-жағына кәрін шашқан «Дәруіш корольдығына» қаражаттарын сала бере ме, әлде олар басқа жақтан қаржылық пана таба ма?

Екінші дүниежүзілік соғыстан бері доллар мұндай сенімсіз күйге түсіп көрмеген. Соғыстан кейінгі кезеңде АҚШ-тың аса ірі әрі жақсы дамыған қаржы нарықтары ерекше өтімділік танытты. Оның үстіне АҚШ үстем әскери держава болғандықтан, ол геосаяси қауіпсіздікті де қамтамсыз ете алатын. Бірде-бір ел АҚШ сияқты жаһандық қаржы жүйесі қажет ететіндей ауқымда қауіпсіз де икемді инвестициялық орта қалыптастыра алмайтын еді. Нью-Йорктің инвестиция жөніндегі стратегі Кэти Джонс 2012 жылғы мамырда «Нью-Йорк Таймс» газетіне айтқанындай, «Уайымдаған жұрттың бәрі АҚШ қазынашылығына келеді».

Барлығы 2007 жылы АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығындағы көпіршіктің жарылуынан басталды. Қаржы дағдарысы мен ұзақ рецессияның АҚШ-та басталғанын жұрттың бәрі білді, және жаһан экономикасын құрдымға жіберуге шақ қалды деп Американы кінәлады. Сонда да, тіпті дағдарыстың ең ауыр кезеңінде капиталдың таудай толқындары АҚШ нарығына ағылып жатыр, соның арқасында АҚШ Федералдық резерві мен Қазынашылық департаменті дағдарысқа жауап қайтара білді.

2008 жылдың үш айында ғана АҚШ-та 500 миллиард доллардың активтерін сатып алды, бұл – соның алдындағы тоғыз айдағы көрсеткіштен үш есе көп шама. Доллар әлсіреудің орнына күшейе түсті. Қазынашылық облигацияларының нарығы қаржы секторының қалыпты жұмыс істеп тұрған жалғыз саласы болды. Тіпті 2011 жылдың ортасында АҚШ үкіметі аз уақыт тоқтап қалып, Standard & Poor несиелік рейтинг агенттігі Қазынашылықтың құнды қағаздарының рейтингін төмендеткенде де сырттағы инвесторлар долларды сатып ала берді.

Бұдан он жыл бұрын долларға деген сұранысқа үрей түрткі болды: ол кезде жағдайдың қаншалық нашарлайтынын ешкім білмеді. Қазіргі АҚШ пен Солтүстік Корея арасының ушығуын да осылай сипаттауға болады. Бірақ, тарих тағы да қайталанып, инвесторлар жаппай доллар алуға асыға ма?

Мұның қысқа жауабы: бұған онша үміттенбеңіз. Нарықтар бірнеше айдан бері Трампқа деген сенімсіздігін білдіріп келеді. Қазіргі жағдайда жаңа дағдарыс болады деген үрейдің салдарынан капитал доллардан қаша бастайды, сонда АҚШ ықтимал әскери конфликтімен қоса доллар дағдарысы мәселесін шешуге де мәжбүр болады.

Қарашада күтпеген жерден Трамп жеңіске жеткен тұста доллар дағдарысының ықтималдығы өте төмен еді. Іс жүзінде, капитал ағынының арқасында өткен жылдың соңында доллар он жылдағы ең жоғары деңгейіне шыққан, соның арқасында АҚШ-та өзгерістер болып, салық азайып, инфрақұрылым шығындары мен «сарқылған» әскери салаға бөлінетін қаражат артады, сөйтіп фискалдық қолдау болады деген сенім күшейген. Инвесторлар экономикалық өсім жағдайды жақсартуға түрткі болады деп сенген.

Ал қазір Трамп әкімшілігі түрлі дау-дамаймен шатылып, сайлаудан кейінгі Трампқа артылған үміт азайған тұста долларға деген сенім де төмендеп кетті. Бұл әкімшілік билікке келген 200 күн ішінде доллар 10 пайыз құнын жоғалтты. Трамп ақылға сыймайтын туит жазып жатқанда инвесторлар Швейцариядан Жапонияға дейінгі аралықта жаңа қорған іздеп жатты. Бұл тенденция АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы текетірестен бұрын басталған, бірақ бұл ол кезде кішкентай бұлақ еді. Енді бұл бұлақ алапат тасқынға айналып, долларды құрдымға батыру қаупі төніп тұр.

Әрине, Трамп әкімшілігі доллардың әлсіз болғанын, жұрттың ғаламдық қаржы панасын басқа жерден іздегендерін қалайтын шығар. Бірақ бұлайша шегіну тарихи тұрғыдан өте қауіпті әрі алысты ойламайтын шешім болар еді.

Доллардың құнды капитал рөлін сақтауы АҚШ-қа ерекше артықшылық сыйлайды. Инвесторлар мен орталық банктер өз қаражатын Қазынашылық облигацияларына және АҚШ-тың басқа да активтеріне салып отырған кезде АҚШ үкіметі әлемнің түкпір-түкпіріндегі қауіпсіздік міндеттемелерін орындап, өзінің сауда және дефициттерін жабу үшін қажет ақшаны жұмсай алады.

Саясатқа транзакциялық көзқараспен қарайтын Трамп ғаламдық резервтік валютаның артықшылықтарына емес, ол беделді ұстап тұрудың шығындарына көп көңіл бөлетін сияқты. Бірақ капитал сыртқа қаша беретін болса, онда ол «Американы қайтадан ұлы елге айналдырудан» үміттене алмайды, егер сыртқы нарықтағы жағымсыз мәселелерді шешуге мәжбүр болса, ол ел ішіндегі жоспарларын орындай алмай қалады.

Америка ғаламның қаржы жүйесіндегі үстем позициясын «құрбандыққа» шалса, оның «ұлылығының» құны бес тиын. Егер Трамп долларды тым көп сын тезіне сала берсе, онда бұл әрекеті үшін қатты өкінуі мүмкін.

Автор туралы: Бенджамин Коэн – Санта-Барбарадағы Калифорния университетінің халықаралық саяси экономика профессоры. Соңғы кітабы «Валютаның күші: қаржылық бақталастық» деп аталады.

 

Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org