Трамп пен Brexit 2050 жылы әлемдік жағдайды өзгерте ала ма?

Фото: kapital.kz

PwC-тің Ұлыбританиядағы бас экономисі Джон Хоксворттың «Әлем — 2050 жылы» атты баяндамасында атап өткендей,  «Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы,  Дональд Трамптың АҚШ президенті болып сайлануы сынды ірі әлемдік өзгерістерден кейін, 2050 емес 2017 жылғы экономиканың өзін болжау қиын».

Мұндай саяси жағдайлар құрылымдық қозғалыстарға алып келеді. Бұл жаһандану, автоматтандыру сияқты трендтерге қарсы популистік реакцияларды көбейтеді. Халық табысы тұрақсызданып, әлеуметтік ынтымақтастық әлсірейді. Ондай үрдістер дүние жүзі бойынша саяси проблемалар туғызып, үкімет тарапынан үлкен күшті талап етеді.

Нәтижесінде 2050 жылы әлемдегі экономикасы ең ірі мемлекет Қытай болады. Үндістан АҚШ-қа қысым түсіруі мүмкін. Ал Индонезия сегізінші орыннан төртінші орынға дейін көтеріледі деп болжам жасалды.

2015 жылғы «Әлем – 2050 жылы» баяндамасымен салыстырсақ, алғашқы бес елдің ЖІӨ көрсеткіштері өзгеріссіз қалады. Алайда, 2015 жылы Ресей сегізінші орында болса, 2017 жылы алтыншы орынға шығып, Мексиканы жетінші орынға ысырады. Жапония сегізінші орынға тұрақталады. Болжам бойынша, оныншы орында тұруы керек болған Германия тоғызыншы орынға тоқталады. Ал Нигерияға 14 орын бұйырады. Ұлыбритания болса оныншы орынға көтерілуі тиіс. Соған қарағанда, сарапшылар Brexit-ті бірқалыпты бағалады.

2015 жылдың мәлімдемесінде әлемдік экономика 2014-2050 жылдар аралығында орта есеппен үш пайызға ғана өседі деп болжаған болатын. 2037 жылы екі есе, 2050 жылға дейін үш есе көбейеді деп жазылған. Ал жаңа зерттеулер бойынша, әлемдік экономика тек 2042 жылға таман ғана екі есе артады, ал өсім орташа есеппен 2016-2050 жылдары 2,6 пайызды құрайды.

«Біз жоғары көрсеткішті дамыған нарығы бар елдер мен дамушы мемлекеттер қамтамасыз етеді деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Е7 елдері де бар. олар: Бразилия, Қытай, Үндістан, Индонезия, Мексика, Ремей және Түркия. Бұл мемлекеттер өсімі алдағы 34 жылда 3,5 пайызды құрайды. Ал осы уақытта G7 елдеріндегі (Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания және АҚШ) көрсеткіш – 1,6 пайыз болады», — деп айтылған 2017 жылдың мәлімдемесінде.

Алдыңғы зерттеуде 2030 жылға қарай Мексика мен Индонезияның ЖІӨ Ұлыбритания мен Франциядан қарағанда  көптеу болады делінген. Түркия болса, бұл көрсеткіш бойынша Италияны басып озады. Ал жаңа баяндамада Пәкістан мен Египет ЖІӨ бойынша Италия мен Канаданы қуып жетеді деген түзетумен ғана шектелген.

2050 жылы әлемдік ЖІӨ бойынша Қытайдың үлесі 20 пайызды құрайды. Е7 елдерінің көрсеткіші 35 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Еуропа Азиямен салыстырғанда бастапқы позициясын жоғалта бастайды. Еуроодақтың үлесі 15 пайыздан 9 пайызға дейін төмендейді. АҚШ-тың әлемдік ЖІӨ үлесі де 12 пайызға дейін азаяды деп жоспарланып отыр.

PwC болжауынша, экономикасы дамушы елдерде ілгерілеу болады. Бірақ ол үшін биліктегілер  бизнес пен инвестицияға жағдай жасап, саяси құбылмалылықты реттеу қажет. Одан бөлек, тұрақсыздық жағдайында тұрған көптеген елдер басшылығы білімге қолдау көрсетіп, климатикалық сұрақтарға назар аудара бастайды. Осылайша, дамушы елдер экономиканың ұзақ уақытты өсімі үшін саяси, әлеуметтік және экономикалық бастамаларды түрлендіре алатын болады.

Дереккөз: kapital.kz