«Тұлпар-Тальго» пойызына жеңілдіктер енгізілді

Фото: 7kun.kz

Алматы. 26 шілде. 7kun.kz — 2019 жылдың 1 тамызынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қолданатын «Тұлпар-Тальго» пойызының тарифтеріне жеңілдіктер қолданылады. Артықшылықтар Ташкент – Алматы – Ташкент бағытындағы жүрдек пойызда болады. Бұл туралы «Узбекистон темір йуллари»АҚ теміржол тасымалдаушысының ақпараттық қызметі хабарлады.

Пойыз жүргенге дейін 0-5 күн бұрын сатып алынған билеттерге қосымша 25% жеңілдік қарастырылған. Отыратын вагондарға 15% жеңілдік қолданылады. Комиссиялық алым 53%-ға азаяды. Жақын арада осы жүрдек пойызға билет құнын қосымша төмендету мәселесін қарастыру жоспарлануда. Жеңілдіктер туралы келісімге «Өзбекистон темір йуллари» АҚ мен «Қазақстан темір жолы «ұлттық компаниясы»АҚ басшылығы арасындағы келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді.

Ташкент теміржол вокзалының анықтама бөлімінің хабарлауынша, Ташкенттен Алматыға «Тұлпар-Тальго» пойызына билет құны шілде айының соңында купе вагонында 865 мың сумды (100,37 доллар) құрайды. Ал тамыз айының басында оның құны 600 мың сумға (69,62 доллар) тең болады. Люкс класындағы купеге билет құны 1,2 млн сумды (139,24 доллар) құрайды. Тамыз айының басында — 800 мың сум (92,82 доллар). Екі жағдайда да билет бағасы тамыздың басында 30%-ға арзандайды.