Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатары толықты

құрылыс

Алматы. 20 желтоқсан. 7kun.kz – Аяқталып келе жатқан жылда «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ атқарған жұмыстарының ішіндегі ілкімдісі – алғашқы лекте 1 845 әскери қызметшінің аталмыш банк арқылы жеңілдетілген заем алуы.

Осылайша әскерилердің баспаналы болу мәселесін шешуге, яғни жаңа әлеуметтік бағытта өнімдер әзірлеп, оны жүзеге асыру ісіне ТҚЖБ қоғам белсенділерін жұмылдырып отыр. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің құрамына осы тақырыпқа қалам тартқан танымал журналистер, қоғам қайраткерлері мен банк салымшылары кіреді. Сондай-ақ осы жолы ҚК мүшелерінің қатары толыққанын атап өткен жөн.

Сонымен кезекті отырыста Қоғамдық кеңестің төрағасы, белгілі журналист Сергей Пономарев «әскери өнімге» қатысты Алматы, Астана, Тараз және Семей қалаларындағы әскери бөлімдерге барып, жаңа тұрғын үй бағдарламасының несиелендіру шарттарын түсіндіріп, әскери қызметшілердің пікірлерін біліп қайтқанын атады.

Еліміздің жинақтау жүйесінде келелі іс болып табылатын шараға банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да қатысып, жаңа өнімдерге қатысты жан-жақты ақпараттар берді.

«Әскери бөлімдердегі сапарлар нәтижесінде банк клиенті атанған Отан қорғаушыларымыздың пікір-ұсыныстары жиналды. Қолға түскен ақпараттың бәрін банк басшылығына тапсырдым және алдағы жылы әскери қызметшілердің бұл ұсыныстары ескеріледі деп үміттенемін. Қазір оларға 1 800-ден астам жеңілдетілген заем берілген. Және 300-дей несие өтініші қаралып отыр. Банктің қолдауы мен Қоғамдық кеңестің бақылауының арқасында әскери мамандар пәтер жалдаушыдан баспана иесі мәртебесіне өтіп жатыр. Бұл игі іс жалғасын таба береді деп сенемін», – деді Сергей Пономарев.

Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесіп екінші жыл қатарынан «Жасыл мекен» акциясын өткізді. Бұл жоба банк салымшыларының аулаларын көгалдандыруға арналған. 2018 жылы «Жасыл мекен» акциясы 25 мың қазақстандықты қамтыды, 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Жаңа жобалар мен акциялардан бөлек Қоғамдық кеңес мүшелері банкпен бірігіп тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің ең басты мақсатын, яғни табысына қарамастан барлық азаматтарға қаражат жинап, кейін үй сатып алуға немесе салуға тиімді несие ресімдеу мүмкіндігін беруді насихаттауды жалғастырып келеді. Бұл бағытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басшысы Ләззат Ибрагимованың қатысуымен оқыту семинарлары және фасилитациялық сессияларды атап өтуге болады. Қоғам және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған шараларда қаражат жинау білу қасиетінің пайдасы және қаржылық дисциплина мәселелері талқыланды.

«Халықтың қаржылық сауаттылығының өсуі Қоғамдық кеңеспен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижелі болғанын білдіреді. Бұған тұтынуды емес, қаражат үнемдеп, ақша жинауды жөн көрген Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары санының өскені дәлел. 2018 жылдың 11 айы ішінде банкте 347 574 жаңа депозит ашылды. Жалпы алғанда біздің банкте қазір 1,2 миллионнан астам адам баспаналы боламын деп қаражат жинап жатыр. Олардың шоттарындағы жалпы жинақ сомасы 583,3 млрд теңгені құрайды», – деді Ләззат Ибрагимова.

Болашақта банк клиенттері сапалы және жайлы үйлерде тұруы үшін, қазір Парламент Мәжілісінде елдің көп пәтерлі тұрғын үйлер қорына күрделі жөндеу жүргізуді қаржыландыру мәселесі талқыланып отырғаны аян.

Осыған орай Қоғамдық кеңес мүшелері Банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимовамен бірлесе отырып, бұл бағыттағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің рөлін талқылады.