Уақытша тіркелмегендерге наурыз айынан бастап айыппұл салынады

Фото: kursiv.kz

Астана. 24 қаңтар. 7kun.kz — Уақытша тіркеуі жоқ азаматтарға айыппұл наурыз айынан бастап салына бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Ішкі істер министрлігі көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов мәлімдеді.

Азаматтардың уақытша тіркелуі әлі де жалғасып жатыр. Алайда заңнаманың кей тармақтары әлі талқылау үстінде. Сондықтан осы уақытқа дейін тіркеуге тұрмаған азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе «электронды үкімет» порталында тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеле алады.

«Учаскелік инспектор келген кезде адамдар нақты тұрып жатқан пәтерде уақытша тіркелгендігін дәлелдеуге тырыспауы керек. Инспектор құжатыңызды сұрап, ондағы деректерді жазып алуға ғана құқылы. Ол ақпараттық жүйе арқылы жұмыс орнында қажет мәліметтерді тексере алады», — дейді ІІМ көші-қон полициясы департаментінің басшысы Серік Сайынов.

Айта кетейік, егер қандай да бір азамат бір ай ішінде тіркелмеген жағдайда полиция ескерту жасайды. Көші-қон қызметі азаматтың заттарын жинауға және басқа тұрғылықты жер табуға кететін уақытын есепке алады. Алайда 30 күн өткеннен кейін тіркеу болмаса 7АЕК айыппұл салынады. Жағдай екінші рет қайталанатын болса айыппұл көлемі 13 АЕК-ке дейін (29 479 теңге) көбейеді.