Украинаның несие берушілері қарызын кешіруден бас тартты

435
Украинаның несие берушілері қарызын кешіруден бас тартты

Украина облигацияларының иелері негізгі қарыз көлемін өшіріп тастауға қарсы шықты. Бұл туралы  Жекеменшік несие берушілер комитетіне сілтеме жасап  «Ведомости» басылымы хабарлайды. Аталған комитет Украинаның құны 10 миллиард доллар болатын құнды қағаздарының иелерін біріктіріп отыр.

Облигациялардың негізгі иелерінің бірі — Ресей, оған құны 3 млрд доллар болатын құнды қағаздар тиесілі. РФ қаржы министрлігі өкілінің мәліметінше, Мәскеу Киев қарызының құрылымын өзгертуді жоспарламайды, оның мерзіміне дейін борышын өтегенін күтетін болады (2015 жылдың желтоқсаны).

Бірақ Ресейдің несие бойынша уақытына бұрын төлем жасауды талап етуге де құқығы бар. Себебі Украинаның мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ның 60 пайызынан асып кетті, ал қаржы бөлер кездегі негізгі шарттардың бірі бойынша, мемлекеттік қарыз көлемі қолайлы болуы қажет. Дәл қазіргі уақытта Украинаның тұтас сыртқы қарызы 50 миллиард доллар деп белгіленіп отыр. Ұлттық банктің болжамынша, 2015 жылы ол ЖІӨ-нің 93 пайызын құрауы мүмкін.

Басылымның жазуынша, Украинаның жекеменшік несие берушілер Комитетінің мәлімдемесі Халықаралық валюталық қордың (ХВҚ) 2019 жылдың соңына дейін сыртқы қарыздарын өтеуге 15 миллиард доллар беріледі деген бағдарламасына қауіп төндіріп тұр. ХВҚ-дан екінші транш алу үшін Украинаға облигацияларының 29 шығарылымын қайта құрылымдау қажет.

Осыған дейін 12 наурызда ХВҚ Украинаға 5 миллиард доллар көлеміндегі бірінші несиені жіберді, жалпы 10 миллиард доллар көлеміндегі қаржы бөлінуі қажет. Ал қаржылай көмек тұтас алғандай 17,5 миллиард долларды құрайды.

Ал ХВҚ-дан несие алу үшін Украина құрылымды реформалар жүргізу, бюджет табысын ұлғайту деген шарттарды орындауы қажет. Осындай шаралардың нәтижесінде коммуналды қызмет бағасы өсті. 1 мамырдан бастап судың тарифі 2 есе, 2 жыл ішінде электр жарығының бағасы 3,5 есе  көбейеді. Киев үкіметі тарифтердің көтерілуі шетелдік отынның халықаралық бағаларына сәйкес келу қажеттігімен түсіндіріп отыр.

Bloomberg-тің нұсқасы бойынша, Украина әлемдегі «ең нашар» экономикалардың бестігіне кіреді. «Нашарлық индексі» инфляция мен жұмыссыздық деңгейі арқылы анықталады. Гривна құнсыздануынан кейін Украинадағы ең төменгі жалақы 43 долларға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш бойынша Бангладеш, Гана және Замбиядан (46,6 доллар) кейінгі орында тұр.