«Вконтакте» Instagram-ға бәсекелес сервис шығарады

459

«Вконтакте» әлеуметтік желісі фотосуреттерді өңдеу үшін Instagram-мен бәсекеге түсетін жаңа қосымша шығармақшы деп жазады «Ведомости» басылымы.

Газет дереккөздерінің мәліметінше, бұл iOS және Android операциялық жүйелерінің басқаруындағы қосымша болады. Шамамен осы аптаның соңында іске қосылады деп жоспарлануда. Әлеуметтік желінің әкімшілігі қосымшаның AppStore онлайн-дүкенінде арнайы сынақтан өтуін күтіп отыр.

«Вконтакте» өзінің фотосервисін және мессенджерін іске қосуы мүмкін», — деп мәлімдеді «Вконтакте» бас директоры Борис Добродеев. Оның айтуынша, хабарлама алмасуға арналған қосымшаның өз бренді болады және «Вконтакте» қосымшасымен, телефон кітапшасымен бірігеді.

Аймақтық қоғамдық интернет-технология орталығының директоры Сергей Гребенниковтың болжамынша, алғашында қосымшаны Instagram орнатпаған аудитория пайдаланып, кейінірек кеңейе бастайды. Сондай-ақ, ол Instagram-ның жарнамалық аккаунттарды бұғаттамайтынын атап өте отырып, «Ресейде жақсы сүзгісі мен функциясы бар фотосервис танымалдылыққа ие болады» деп сендірді.

Liveinternet.ru негізін қалаушы Герман Клименко «Вконтакте» аудиториясына суреттерді өңдейтін жаңа сервис қызықты болады деген пікірде. Оның сөзінше, әлеуметтік желі жаңа жобасын ақылы ете алады, «бірақ бірінші кезекте күрес әлеуметтік желідегі аудитория үшін жүреді».