Жеке тұлғалардың қарызын қайтару жаңа тәсілмен жүзеге асады

1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардың банктерге берешегін қайтарып алу жаңа тәсілмен жүзеге асады. Жаңа өзгерістерді Nexum заңгерлік компаниясының бас директоры Даулет Абжанов толығырақ түсіндіреді. Егер банкке қарыз болсаңыз мұқият оқуды сұраймыз. 

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» Заңға (6-тармақ, 32-бап), «Банк және ҚР банк қызметі» (т/т 1) 2-тармақ, 36-бап), ҚР аумағында қолма-қол емес төлемдер мен ақша аударымдар жасау ережелері (137-139 тармақтары) туралы заңдарға өзгерістер енгізілді.

Банк мерзімі өткен қарыздарды төлеуді талап етеді. Бұл үшін борышкердің ағымдық шоты тіркелген кез келген банкке арнайы рәсімделген құжат жіберіледі. Қарызды өндірудің мұндай түрі соттың шешімін қажет етпейді. Қаражатты шешіп алу процесі борышкердің келісімімен жүзеге асады, себебі банктің  кредит беру келісімшартында осы тармақ көрсетіледі.

Бұдан бұрын шотта ақша жеткілікті болса, банк оны ешқандай шектеусіз шешіп алатын.  Ал заңдағы өзгеріс бойынша банк есепшоттағы қаражаттың тек 50%-ын ғана алуға құқылы.

Егер қарыз шоттағы соманың жартысынан аз болса, онда қарыз түгелдей өндіріледі. Яғни, шотта барлығы 3 млн теңге болса, ал қарыз көлемі 1 млн теңгені құраса, банк борышкердің есепшотынан 1 млн теңге шеше алады.

Егер банк талап етіп отырған қарыз мөлшері шоттағы қаражаттан көп болса, онда қарыз бөліп-бөліп өтеледі.

Байқағандарыңыздай жаңа өзгерістер жеке тұлғалардың, яғни,  борышкерлердің құқықтарына көбірек басымдық береді.

Заңға енген жаңалық жеке тұлғалардың жинақ шоттарына, одан бөлек, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің есепшоттарына әсер етпейді.