Жұлдыздар даяшы болған кеште 2 млн теңге жиналған

802

Өткен аптада қазақстандық жұлдыздар даяшы болып қызмет істеген. «Жұлдыздар кәсіптерін өзгертеді» қайырымдылық кешінен жиналған 2 млн-ға жуық қаржы Аружан Сайынның қорына табысталды.

«Мәңгілік аспан» мейрамханасымен бірлесіп жасалған шара арқылы бір кеште 1 893 287 теңге жиналған. Барлық қаражат Аружан Сайынның «Милосердие» ерікті қоғам қайырымдылық қорына беріледі де, шұғыл ем қажет балалардың шотына аударылады. Акцияға Айнұр Ниязова, Дәуіт Шайхисламов, Серік Бүксиков, Әсел Сағатова, Құралай Нұрқаділова, Айжан Нұрмағамбетова, Санжар Мадиев, Думан Қапасов, Айнұр Ешманова, Рано Омарова, Гүлбахор Хасанова, Мұрат Мұтырғанов, Мәлік Рузиев, Баян Есентаева, Жанна Ахметова, Александр Цой, Ульяна, Kaliya, Xenon қатысты.

«Бұл біздің екінші акциямыз. Біріншісін 2 тамыз күні өткізгенбіз. Ол қаражат Ислана атты 4 айлық қыздың еміне кеткен еді. Жиналған қаражатты беріп, Даниядағы емханаға жібердік. 30 тамыз күні оралды. Толық тексеру жасалып, емдеген. Ота жасаудың қажеті болмапты. Осындай акцияларды жылына 4 реттен өткізуді жоспарлап отырмыз. Бос үстел болмады, кеш бойы аудитория ауысып отырды. 220 отыратын орын болған, кейбірі тіпті тұрып тұрды. Бұндай шаралардың қаншалықты маңызды екенін халықтың түсінетіндігі қуантады», – дейді кеш ұйымдастырушыларының бірі Раушан Қасетова.