Жаңа мүмкіндік: Қазақстандықтар телефон арқылы келісім-шарттарға қол қоя алады

524

 Қазақстанның ұялы байланыс операторлары SIM-картаға электронды-сандық қолтаңба (ЭСҚ) орналастыруды сынақтан өткізіп жатыр. Бұл туралы LS сайты хабарлайды.

Қолға алынған жаңа жоба сандық қолтаңбаны телефон арқылы пайдалануға мүмкіндік береді. Ол үшін жаңа телефон алудың қажеті жоқ. Қолыңыздағы кез келген құрылғы жарай береді.

«Электронды үкіметтің қызметін пайдалану үшін енді халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудың қажеті болмайды. Дегенмен де, алдымен  SIM-картаны ауыстырып, оны ХҚКО-да тіркеу керек.  Теле2 операторлары бұл қызметті жеңілдете алады. Операторлардың жұмысы әзірге тек еgov сервисі арқылы жүзеге асырылуда. Қазақстанда ЭСҚ-ның бірнеше түрі бар. Олар банк пен мемлекеттік мекемелер үшін әртүрлі қызмет ұсынады. Бұл жақсы нәтиже бермейді. Сондықтан қазір Теле2 аса қызығушылық таныта алмай отыр», — деді  «Tele2 Қазақстан» баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Теле2  ЭСҚ-ны келісім-шартқа қол қоюда, шотты толтыруда, банк қызметінде пайдалануға болатынын мәлімдеді.

Ал, Altel ЭСҚ-ны пайдалану қызметін алғашқы болып ұсынатындығын хабарлады. 2015 жылдың 7 қыркүйегінен бастап компания ЭСҚ-ны жазып алуға болатын арнайы SIM-карталарды сатылымға шығарған. Осылайша оператор абоненттері «мобильдік басқару» (50-ден аса анықтамалар мен сервис түрлері) сервисін пайдалануға мүмкіндік алды. 

«Анықтамалар телефонда сақталады немесе арнайы поштаға жіберіледі. Сервис қарапайым батырмалы телефондарда да қолжетімді. Абоненттер мемлекеттік порталдан SMS-сұрақ арқылы барлық ақпаратты ала алады. Қазір оператор ЭСҚ-ны SIM-картаға орналастыру жұмыстарымен айналысуда. Қызметтің ресми таныстырылымы қыркүйек айының ортасына жоспарланды », — деп атап өтеді Altel.

Дегенмен, «Tele2 Қазақстан» операторының мәлімдеуінше, осы қызметті халыққа ұсыну бойынша реттеу жүргізетін заң жобасы әлі қабылданбаған.

«Біздің білуімізше, жоба «Ақпараттандыру туралы» заң бойынша жүзеге асады. Әзірге, бұл тек бір оператор арқылы сыналып жатыр. ҰАТ (Ұлттық Ақпараттық Технология) басқа операторлардың тендерге қатысу туралы ұсынысын неліктен мақұлдамағаны бізге беймәлім. Кейбір операторлар осы кезең бойынша өңдеу, жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Біз әзірге шешім қабылдамадық», —  деді.