Жерлеу рәсімдері үшін несие алдым

280
несие

Банктерден несие алғыш таныстарым өте көп. Бірінен алып, екіншісіне салып өмір сүріп жатқаны. Олар үшін әдеттегі жағдай сияқты осының бәрі. Солардың әсері ме қит етсе, банкке жүгіргіш боп алдым. Оның үстіне одан басқа жүгіне қоятындай жақыным жоқ.

Мен Алматы қаласында зейнеткер әкесімен тұратын жалғызбасты әйелмін. Күйеуім мен балам жол апатынан қайтқанына жыл болды. Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу, жетісі, қырқы, жылы деген сияқты рәсімдер атқару үшін банктен несие алғанмын. Оған дейін де талай несие алып, еш мәселесіз төлеп жүргенмін. Осы жолғы банк несиесін уақтылы төлей алмай, қарызға баттым. Ұлттық өндіру қызметінен де жиі хабарласады. Ал, коллекторлық агенттік автокөлігімді алып қойды. Егер мен қарызды өтемесем, машинаны бағалап, сататындарын айтты. Негізі көлігімнің бағасы бір миллион болуы керек. Бірақ, олар қандай да бір ақау тауып, 624 мың теңгеге бағалапты. Ол жайды білген соң, бірден банктің бас ғимаратына барып, арыз жаздым. Арызымда бұндай бағалауға келіспейтінімді көрсеттім. Кейін білгенімде сондағы біреуге көлігімді жарты бағасына алу тиімді болған соң, жоқ жерден ақау тауып, сатып алған екен. Ал, маған тіпті смс хабарлама да жіберген жоқ. Мен банкке барып көлікті қайта бағалауын, орнына қоюды сұрап тағы да арыз жаздым. Олар техникамды менсіз есептен ала алмау үшін, банктен сенімхат ап алдым. Кім жауапты екенін біле алмадым сол күйі. Банк коллекторлық агенттіке сілтейді, ал, олар банк сатушыларына сілтейді. Ал, осы уақыт аралығында машинамды сатып алған адам 20 күндей сенімхатсыз мініп жүрді. Жиырма күннен соң ғана тұраққа қайтып әкелді. Осы тұста оқырмандарға айтарым, сауатты заңгер табу қиын екен. Келген клиентті жоғалтпау үшін, біз оларды сотта жыртамыз деп, жөнсіз сендіреді. Пайдакүнем заңгердің әр қадамы ақша тұрады. Анаған-мынаған ақша сұрай береді. Мен сияқты ондай қателік жасамаңыздар. Негізінде мен коллекторлық агенттіктің қоңырауына көп ретте жауап бермей, қашқақтап жүрдім. Адамға емес, банкке қарызбын, не істей алар дейсің?! – деген ой болды. Шынымен отырып сөйлессең, олар да түсінігі бар адамдар. Бір шешімге келуге болады екен. Агенттікпен келісімге келмей, заңгерге жүгініп, уақытты созып алдым. Амалым таусылған соң, коллекторға барып, жағдайымды түсіндірдім. Енді мәселе шешімін тауып келеді. Қарызды төлеген соң, көлігімді қайтарып ала алады екенмін.

Ажар
Алматы қаласы