Несие тарихыТаңдаулы1

Жесір қалған жас келін мен несие. Қарт кісінің әңгімесі

Естіген құлақта жазық жоқ. Алматыдағы жол кептелісінде тұрып, күн сайын көптеген адамдардың неше түрлі хикаяларын естимін. Осы жолы зейнет жасындағы апалардың әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Күтінген, оқыған-тоқыған қалалық апай әңгімесін сауатты айтып отыр.

Апалар біздің әңгімемізді жолаушылар естіп, жаттап алсын деді ме барынша қаттырақ сөйлеп, қайта-қайта нақтылап, бір сөзді қайталап айтып отырды.

Сонымен, оқиға әлгі апайлардың бірінің келінінің басындағы мәселе туралы. Үлкен баласы қайтыс болып, оның атындағы несиесі жұмыссыз, бала-шағамен үйде отырған келіннің мойнына ілініпті. Келіннің шиіттей үш баласы бар. Кепілдікке бастарындағы баспанасы қойылған. Мұрагерлік құқығын растайтын куәлік рәсімделген. Банк қайтыс болған қарызгердің қарызын несие келісіміне қосымша келісім-құжатын дайындап, келіннің қол қоюы арқылы жесірге аударуды талап етеді екен.

Сауатты апайдың айтуынша негізі банк ондай іс-әрекетті жасай алмайды. ҚР Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің бұған қайшы келетін ережесі бар көрінеді. Яғни, сол шарт бойынша бұрынғы қарыз алушының құжат бойынша келісімі керек. «Қайтыс болған адам қалай келісім береді?», – дейді үлкен кісі сөзін нақтылап.

Бұдан басқа, банк жесірге берешектің барлық сомасын аударуға ниет білдіріпті. «Азаматтық кодекске сәйкес, банк мұрагерлік мүліктің құнын ғана талап ете алады», – дейді қарт кісі өзінің көзі ашық екенін тағы бір рет дәлелдеп. Енді Банк қарыздың бәрін бірден төлеуді талап етіп жатыр екен. Дегенмен апай қазіргі күні келіні мен банк арасындағы мәселені шешу үшін бас қатырып жүрген көрінеді. Банк пен заңгерлік мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Банк біржола барлық соманы қайтартуға құқылы емес деп негіздейтін заң бар, бірақ маған білікті заңгер жолықпай жүр деп қояды. Жанындағы серіктесі де білімнен құралақан емес сияқты. Ол да қарызгердің жесірі мен банк арасында қарызды толық қайтару мүмкін емес деп есептейтін және қайғылы жағдайды ескеретін қандай да бір құжат болады, деп баласы қайтқан апайдың сөзін қостады.

Арай,

Алматы

Tags

Осы айдарда

Close