Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Шығыс Қазақстан облысындағы омарташылар мен балықшылар кооперативтерге бірігіп жатыр.

Сала мамандары, елдегі кәсіпкерлер палатасы, жергілікті жердегі шаруа қожалықтары иелерінің тікелей қатысуымен жасалған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» жаңа Заң мал өсіріп, егін егіп, сүт, ет, балық өндіріп жатқан шаруашылықтардың бәріне де тиімді болмақ.

Шығыс Қазақстандағы Глубокое ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Құмарғажиннің айтуынша бұл ауданның шаруа қожалықтары кооператив құру жұмыстарына кірісіп кетті.

«Кооперативке кіру жеңілдетілген несие алуға, өнімді өткізуге, техникалық жағдайды жақсартуға, еңбек өнімділігін арттыруға да қолайлы. Осыны жақсы түсінген Уварова ауылындағы сүт өндіруші, өңдеуші шаруа қожалықтары мен бірнеше серіктестік «Восход» шаруа қожалығы сияқты ірі шаруашылықтармен бірлесіп, құжаттарын даярлап, кооператив құрып отыр. Аудандағы аса ірі «Астана Бизнес» шаруашылығы аясында да 15 шақты шаруа қожалықтарының, жеке кәсіпкерлердің басын қосқан ірі кооператив құрылып жатыр», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Шығысқазақстандық омарташылар да кооперативтің пайдасы көп, тиімді екенін ұғып жаңа құрылымды құруға үлкен қызығушылық танытып отыр. Өскеменнің іргесіндегі «Пасека» шаруа қожалығы омарта шаруашылығымен айналысады. 20 жылға жуық балдан бұлақ ағызып, «Алтай» балымен аты шыққан шаруа қожалығы үшін ең басты мәселе – балды өткізу, сату. Былайғы жұрт балдың қадір-қасиетін жақсы білгенімен, бұл өнімді қант құсатып үнемі сатып ала бермейді. Халық бал алғанның орнына, кәмпит алуға құмар. Соның салдарынан облыстың омарташылары өндірген бал өтпей, тұтынушысын таппай келеді.

«Пасека» шаруа қожалығының басшысы Валерий Қасымбаев өзімізде өтпей жатқан балды Кедендік одақ көлеміне, Еуразиялық нарыққа, шетелге сатуға шығару үшін, халықаралық сертификат алу қажеттігін айтады. Алайда, балдың халықаралық стандарттарға сай екендігін растайтын құжат 80 миллион теңге көлемінде тұрады. «Егер аймақтағы алдыңғы қатарлы он шақты ара шаруашылығы бірігіп, кооператив құрғанда бал өндіруші шаруашылық осы құжатқа ие болып, Алтай балын алыс жақын шетелге шығаруға бірден-бір мүмкіндік туар еді» дейді кәсіпкер.

Елбасы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың маңыздылығын атап көрсетіп, қазақстандық егін, мал шаруашылығы саласын кооперативтер жұмысын жандандыру арқылы дамытып, арттыруды тапсырған болатын. Көкпекті ауданының Тассай ауылындағы балықшы, кәсіпкер Айгүл Дүкенбекованың балықшы болғанына 25 жылдың жүзі болды. Айгүлдің бригадасында 20 балықшы еңбек етіп жатыр. Ақпан айында Айгүл өз балықшыларымен бірге «Аквакультура» деп аталатын балықшылар кооперативіне кірді. Кооперативті бұл кәсіптің қыр-сырына қанық Вадим Гриценко басқарады. Көкпектілік балықшылардың да кооперативтен күтіп отырған үміті көп. Біріншіден, балықты тиімді бағамен өткізуге, клиент табуға, екіншіден, Ертісте балық қорын молайтуға, үшіншіден жыл сайын орын алып келе жатқан күрделі кәсіби проблемаларды оңды шешуге мүмкіндік тумақ.

Облыстағы басқа шаруашылықтар да алдағы уақытта кооперативтерге бірігуді жоспарлап отыр.