Жұмыс берушіңіз жалақыны кешіктіріп бере ме? Оларға мемлекетіміз жаңа жаза ойлап тапты

34
Фото: Бизнес-инкубатор

Алматы. 12 қараша. 7kun.kz — Қызметкерлер жалданушыдан жалақының кешіктірілген әрбір күні үшін 1,25% мөлшерінде өсімпұл ала алады. Бұл туралы еңбек заңнамасына түзетулер жөніндегі жұмыс тобының өкілі Айнұр Надирова хабарлады.

Надирова XIII қазақстандық корпоративтік заңгерлер форумында сөз сөйледі. Ол еңбек заңнамасында жұмыс берушілер үшін айыппұл мөлшерін анықтау керек деген ұсыныс жасады.

«Еңбек кодексінің 113-бабының 3-тармағы жұмыс берушіні қызметкерге жалақы бойынша мерзімі өткен әрбір күн үшін қарыз сомасынан 1,25% мөлшерінде өсімпұл мен айыппұл төлеуге міндеттейтін болады. Бүгінгі күні бұндай сан жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс беруші оны не күтіп тұрғанын білуі үшін мөлшерді белгілеуді ұсынды», — деп мәлімдеді Надирова.

Оның айтуынша, ұсынылған түзетулер еңбекке ақы төлеу саласына өзгерістер алып келеді. Егер бұл норма бекітілсе,жұмыс беруші қызметкерге мереке, демалыс күндері және түнгі уақытта жұмысқа шыққаны үшін қосымша ақы төлейді, тіпті егер бұл факторлар бір ауысымда түссе де.

«Түнгі ауысым бөлек, мереке күндері бөлек және демалыс күндері бөлек төленеді», – деді ол.

Сондай-ақ, кәсіптерді қоса атқару мәселесін шешу ұсынылды.

«Қызметкер өз міндетіне кірмейтін қосымша жұмысты орындаудан мерзімінен бұрын бас тарта алады. Жұмыс беруші де мерзімінен бұрын қызметкердің қосымша функцияларын алып тастай алады. Және бұл тәртіптік бұзушылық болып саналмайды», — деді ол.

Сонымен қатар, еңбек шартын электрондық нұсқада бірыңғай орталыққа беруге міндеттейтін норманы енгізу ұсынылды. Бұл еңбек қатынастарын ашық етуге мүмкіндік береді.