Жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 миллионнан астам Ресей азаматы келген – ҚР ІІМ

Астана. 23 қыркүйек. 7kun.kz – Жыл басынан бері Қазақстанға 1,6 миллионнан астам Ресей азаматы келген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Биыл Қазақстанға 4,3 млнға жуық шетелдік келсе, 4,1 млн кеткен, оның ішінде 1,66 млн Ресей азаматтары келген және 1,64 кеткен. Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар», – деді деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының м.а. Аслан Аталықов.

Оның айтуынша, көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады.

«Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл елге келген Ресей азаматтарының тек нөл бүтін оннан екі пайызын құрайды. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді», – деді ол.

ІІМ өкілінің сөзінше, егер осы тәртіпті бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкция қарастырылады.

«Сол сияқты ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде болу құқығы беріледі. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді», – деді ол.

Шекараны заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдай ҚР заңнамасына сәйкес жолы кесіледі.