2023 жылдан бастап темекі бағасы қымбаттайды

Қазақстан. 5 тамыз. 7kun.kz – Келесі жылдан бастап темекі өнімдеріне акциз ставкалары кезең-кезеңімен өседі. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Ставкалар 2023, 2024 және 2025 жылдарға бекітілген.

Салық кодексінің 463-бабы 4-тармағының 1) тармақшасындағы кестенің 14, 15, 16, 18, 21 және 22-жолдарына өзгерістер енгізілді.

Фильтрі бар сигареттер:

  • 2023 жылы – 14 100 теңге/1 000 дана;
  • 2024 жылы – 15 900 теңге/1 000 дана;
  • 2025 жылы — 15 900 теңге /1000 дана.

Қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға өлшем бірлігін килограмнан данаға өзгерте отырып, сигареттерге акциз ставкасының мөлшерінен 70% деңгейіндегі акциз ставкасы айқындалды:

  • 2023 жылы – 9 870 теңге /1000 дана;
  • 2024 жылы – 11 130 теңге /1000 дана;
  • 2025 жылы — 11 130 теңге /1000 дана.

Одан бөлек, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына өзгерістер енгізілді.

Электрондық сигареттерде пайдалануға арналған картридждердегі, резервуарлардағы және басқа да контейнерлердегі никотині бар сұйықтыққа ставка артып:

  • 2023 жылы – 53 теңге/сұйықтық миллилитріне;
  • 2024 жылы – 55 теңге/сұйықтық миллилитріне;
  • 2025 жылы – 55 теңге/сұйықтық миллилитріне құрайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда ересектердің 21,5%-ы темекі шегеді.