Каспий теңізінде мұнай платформасындағы өрттен 32 адам қаза тапты-Reuters

754
Фото: oxu.az

Каспий теңізінде әзірбайжанның №10 мұнай платформасында өрт шығып, 32 адам қаза болды, деп хабарлады Reuters.

Өрт жұма күні басталып, сенбіде сөндірілген. Төтенше жағдай ауданындағы 10 метрлік толқын салдарынан өртті сөндіру мен қызметкерлерді құтқару ұзаққа созылған.

Өрттің сөндірілгеніне қарамастан құтқарылғандар мен қаза тапқандардың санын анықтау мүмкін болмай отырған сияқты. Әзірбайжанның мұнайшылар құқығын қорғау комитетінің жетекшісі Мирвари Гахарманлының Фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасаған Reuters  42 адамның құтқарылғанын жазады. Алайда Reuters-ке қоңырау шалған мұнайшылардың бірі платформада өрт кезінде 84 адамның болғанын, қаза тапқандар мен құтқарылғандар туралы мәлімет дұрыс емес деп хабарлаған.

Trend.az сайты 30 мұнайшы жоғалып кетті, бір адам қайтыс болып, 32 мұнайшы құтқарылды деп жазады.

Мирвари Гахарманлы Фейсбуктегі парақшасында 32 мұнашы жоғалып кеткенін, табылады деп үміттенетінін жазған.

Ал 1news.az агенттігінің жазуына қарағанда 1 адам қаза тапқан. 33-і құтқарылып, 29 адам іздестірілуде.

БАҚ-ның жазуынша «Гюнешли» теңіз кенішіндегі өрт қатты желдің газ құбырын зақымдауынан туындаған. Бүгін кешке белгілі болғандай ел Президенті Ильхам Алиевтің Жарлығымен осы оқиғаға байланысты Мемлекеттік комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталып кеткен.