Қазақстандық банк кредит алғандар арасында конкурс ұйымдастырып жатыр

Қазақстандық банк кредит алғандар арасында конкурс ұйымдастырып жатыр
Көрнекі сурет Капитал порталынан алынды.

Алматы. 20 сәуір. 7kun.kz — Естімеген елде көп. Клиент тарту үшін маркетологтар мен жарнамашылар қиялына не келеді, соны істеп жатыр. Жақында атышулы Альянс банктің мұрагері ForteBank ұйымдастырған бір акцияға көзіміз түсті.

Шарты былай: 15 ақпан мен 1 шілде аралығында банктен кепілсіз кредит рәсімдейсіз де кредит ұтысына қатысасыз. Апта сайын бір адам 1 млн теңгеден ұтады. Жеңімпаз кредитті төлемейді. Ал 3 шілде күні финалдық сайыс өтіп, тағы он жеңімпаздың кредиті тағы жойылады екен.

Бүгінге дейін Шымкент, Өскемен, Алматы, Ақтаудан жеті адам жеңімпаз болып, кредиттен құтылыпты. Банктің Nur.kz-ке шыққан кредит ұтысы туралы жарнамалық жаңалығында Қазақстан тарихында мұндай болған жоқ дейді.

Иә, мұндай болған жоқ. Қазақстаныңыз не, әлемде болмаған. Қаржы саласындағы сарапшылардың бірінен бұл туралы сұраған едік. Ол мұны тап-таза маркетингтік қадам дейді. Әдетте жаңағы жеңімпаздардың көпшілігі банкке қайта барып, кредит алады екен.

Әрине, не ұйымдастырса да банктің өз шаруасы. Бірақ акцияларының көпшілігі клиент тарту, шығармай шырмап алуға құрылмай, арасында клиентке пайдасы тиетіндерін ұйымдастырып қойса дұрыс болар еді.

Мысалы: «Кредитті кешіреміз» деген акция ұйымдастырып, кредитке салған үйі мен алған мүлкі суға кеткен қазақстандықтарға көмек көрсетсе акцияның көкесі болар еді.