Биылғы астық өніміне 2,6 млн тонна тұқым дайындалды

астық
Фото: massaget.kz

Алматы. 22 мамыр. 7kun.kz — Алдын ала деректер бойынша биыл жалпы егістік алқабы 21,8 млн гектарды құрамақ, бұл іс жүзінде өткен жылғы деңгеймен шамалас.

Дәнді дақылдарды 14,7 млн гектарға, оның ішінде бидайды — 11,4 млн гектарға себу жоспарланған, бұл 2017 жылғыдан 544 мың гектарға аз. Бұл ретте жемшөп дақылдары осы көлемге көбейетін болады, жемдік дәнді дақылдар 2,5 млн гектарға себіледі, бұл өткен жылғыдан 49 мың гектарға артық. Майлы дақылдар 2,6 млн гектарды құрайды. Картоп алқабы да оң өсу динамикасын көрсетіп, 210 мың гектарды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 15% артық.

«Қазіргі таңда көктемгі егіс барлық жерде толық қарқынмен жүріп жатыр. 21 мамырдағы жағдай бойынша жаздық дәнді дақылдар жоспарланған алқаптың 31%-ға, майлы дақылдар – 50%-ға, көкөніс-бақша  дақылдары – 77%-ға, картоп – 55%-ға егілді. Қант қызылшасы мен мақта егу жұмыстары аяқталды», — деді Арман Евниев.

Дегемен оның айтуынша, ауа райының салқындығынан және топырақтың кеш қызуына байланысты егіс жұмыстарының қарқыны өткен жылдағыдан біршама төмен деңгейде орындалып жатыр. Осыған байланысты егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтау үшін техниканы жоғарғы өнімділікпен пайдалануды қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі биылғы астық өніміне 2,6 млн тонна тұқым дайындалғанын атап өтті.