Шөкеев: «ҚазАгроның» банкротқа ұшырауына жол бермейміз

Шөкеев

Алматы. 28 мамыр. 7kun.kz — «ҚазАгроның» жағдайы тұрақтандырылады.  Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.

Атап айтқанда, Ө. Шөкеев 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу тақырыбында баяндама жасады. Бұл орайда бірнеше салалық бағдарламалар қамтылады.

«Кейінгі 5-6 айда «ҚазАгроның» қаржылық жағдайын тұрақтандыруға қатысты елеулі әрекеттерді жасап жатырмыз. Оның екі себебі бар. Біріншіден, холдинг шетелдік нарықтардан валютамен несие алған. Кейін сол валюталық несиені екінші деңгейдегі банктерге теңгемен орналастырған. Девальвациядан соң үлкен бағамдық айырмашылық қалыптасты. Екіншіден, қаржы кейбір тұрақсыз банктерге салынған. Сол жерде 58 млрд теңге кейінге шегеріліп қалды. Осы екі факторды ескере келе, 1 млрд доллардан астам тапшылық пайда болды», — деді.

Осы орайда ол былтырдан бастап бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілгенін, үлкен қарқынмен капиталды ұлғайту жұмыстары атқарылып жатқанын жеткізді.

«Бұдан бөлек, бұрынғы валютамен алынған қарызды теңгемен ауыстыру үшін әрекеттер жасалып жатыр.

«ҚазАгро» Үкіметтің ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі операторы. Сондықтан «ҚазАгроның» банкротқа ұшырауына немесе басқаша шешімдерге жол бермейміз. Сәйкесінше, барлық жағдайды тұрақтандырамыз», — деп түйіндеді Өмірзақ Шөкеев.